СҚО-да соңғы екі аптада коронавирус жұқтыру 2 есе төмендеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптада коронавирусты жұқтыру 48 % төмендеп, 1117 жағдай тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде індет басталғалы коронавирус жұқтырудың 23 052 жағдайы тіркелді.

Оның 455-і, яғни 1,9 % - сырттан әкелінген. Барлық жұқтырғандардың 71 %-ында ауру белгілері болған.

Соңғы екі апта ішінде ауырғандар саны шамамен екі есе, 48 % төмендеген. 13 тамыз бен 26 тамыз аралығында 2177 адам ауырса, өткен екі аптада 1117 адам жұқтырған.

«Өткен тәулікте жаңадан 72 жағдай тіркелді, оның 61-інде сырқаттар дәрігерге ауырып көрінген. Ең көп жағдай әдеттегідей Петропавлдың үлесінде – 32 адам ауырған. Тайыншада – 8, М.Жұмабаев ауданында – 7, Жамбылда – 6, қалғандарында бесеуден басталады», - дейді Әсет Жұматаев.

Бұған дейін өңірде жаңа оқу жылы 84 оқушының және 19 мұғалімнің коронавирус жұқтырғанын айтқан едік.

СҚО-да қазір 2580 нысан Ashyq жобасына қосылған. Осы бағдарлама арқылы үй карантинін бұзғаны анықталған 31 адам жауапкершілікке тартылды.

Олар қоғамдық орындарға кірмек болған. Тағы 50 адамға қатысты материал қаралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар