СҚО-да соңғы аптада 600-ге жуық адам тұмау жұқтырған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирусты инфекцияны (ЖРВИ) жұқтырғандар саны артып келеді. Өткен аптада дәрігерге қаралған 552 адамға осы диагноз қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай бүгінге дейін бақылау деңгейінен асқан жоқ. Алайда вирусты инфекцияны жұқтырудың маусымдық өсуі байқалады.

Мәселен қыркүйек айында ЖРВИ-дің 1872 жағдайы тіркелсе, соның 552-сі соңғы аптада ауырғандар.

Ал өткен эпидемиологиялық маусымда вирусты инфекцияны жұқтырудың 31 мыңға жуық жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық 9 % артқан.

«Тұмау болғанда кенеттен дене қызуы көтеріледі, әдетте құрғақ жөтел пайда болып, бас, бұлшықет пен буындар ауырады, қатты әлсіздікті сезініп, тамақ қызарады, мұрыннан су ағады.

Қазіргі уақытта аурудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцинация. Тұмауға қарсы вакцина әсіресе, «қауіп тобына» жататын адамдарға қойылуы тиіс, бұл негізгі аурудың асқынуынан, ауруханаға жатудан және өлімнен қорғайды.

Тұмауға қарсы профилактикалық егу тіркелген жері бойынша емханада жасалады. Оны медицина қызметкерлері, медициналы ұйымында диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және тағы басқалары тегін ала алады», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.

3 қазаннан бастап СҚО-да тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады.

Тәуекел тобына жататын адамдарға тұмауға қарсы тегін иммундау үшін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.

«Тұмауға қарсы вакцина алудан басқа, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау ұсынылады. Қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуу керек. Өйткені тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық заттар арқылы да таралады. Сонымен қатар, иммунитетті барлық қолжетімді тәсілдермен арттыру керек, яғни жұмыс және демалыс режимін сақтау, жеткілікті ұйқы, микроэлементтер мен дәрумендердің, әсіресе «С» витаминінің, сарымсақ пен пияздың жеткілікті мөлшерін тұтыну.

Ауырған жағдайда үйден шықпай, дәрігерді шақырып, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін балабақшаға, мектепке бармау керек», - дейді Айнаш Сағандықова.


Соңғы жаңалықтар