СҚО-да «Солтүстік соясы» атты жаңа бағдарлама жүзеге аса бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Солтүстік соясы» атты бағдарлама қолға алынды. Жаңа жоба дәнді дақыл өсірушілерді қолдауға негізделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов «Солтүстік соясы» бағдарламасының жоспарына қол қойды.

Жоба бірер күн бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінде Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды. Кеңестің нәтижесі бойынша, солтүстік өңірлерге соя алқаптарын ұлғайту тапсырылды.

Бағдарлама соя өсіруді қолға алған кәсіпкерлерді мемлекеттік, қаржылай қолдауға бағытталған. 5 жылдың ішінде дақыл алқабын 1,5 млн га-ға, жалпы өнімді 3 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Экспортты ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

«Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін СҚО кездейсоқ таңдалған жоқ. Өңір өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша көшбасшы. Қазір 1 млн га майлы дақылдар егіледі. Жергілікті ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер іс жүзінде астықтың қалдығы экономикалық тұрғыда тиімді екенін көрді. Өнімді өткізетін жер де баршылық, бағасы да қолайлы. Сондай-ақ, облыста жер бар, шаруалар да қызығушылық танытып отыр», - деді құжатқа қол қою барысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Мамандардың айтуынша, биыл өңірде 14 мың га жерге ерте пісетін және өнімділігі жоғары соя тұқымы егілмек. Облыстың ауа райына келетін элиталық және суперэлиталық тұқымдар Австриядан жеткізілді. Ал шыққан өнім келесі жылы тұқым ретінде қолданылады.

Соңғы жаңалықтар