СҚО-да сібір жарасының 161 ошағы бар

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасы тарауы мүмкін қолайсыз 161 ошақ бар. Былтыр өңірде бір адам түйнеме жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде сібір жарасы бойынша 2018 жылға дейін стационарлық қолайсыз пункттер саны 149 болса, қазір ауру ошақтарының саны 161-ге жеткен.

«Сібір жарасы - жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ауруы, көбінесе өліммен аяқталады. Сібір жарасының қоздырғышы - бактериясы оттегіге қол жеткізген кезде споралар түзеді. Жануарлар сібір жарасын қоздырғышы бар топырақтан және шөптен жұқтырады, бұл ауруды тудыратын микробтар ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейеді. Адамдар күйдіргіні ауру малдардан жұқтырады. Сібір жарасы адамнан адамға берілмейді», - дейді аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы Нұргүл Молдағалиева.

Былтыр шамамен отыз жылды араға салып, СҚО Ақжар ауданында бір адам мал етінен күйдіргі жұқтырды.

Биыл, әзірге эпидемиологиялық жағдай қолайлы.

«Адам күйдіргі жұқтырғанда оның дене қызуы бірден 39-40°C дейін көтерідледі. Аурудың бактериясы терінің жаралы кесілген, сызаттары бар, жырылған жерге түсіп, жаралар пайда болады; өкпе тұсы ауырып, ентігеді, қанды қақырық түсіп, пневмонияға ұласады. Іші өтіп, қанды диарея, құсу, метеоризм болуы мүмкін. Инкубациялық кезең, яғни адам инфекция жұқтырған сәтінен бастап алғашқы белгілердің пайда болуы бірнеше сағаттан бір аптаға дейінгі уақытты құрайды, көбінесе бұл кезең 2-3 күнге созылады», - дейді Нұргүл Молдағалиева.

Сібір жарасымен ауыру республикада өзекті мәселе. Қазіргі уақытта республика аумағында сібір жарасының 2623 ошағы бар.

1948 жылдан 2021 жылға дейін сібір жарасынан 25 мыңнан астам түлік қырылған және 2 мыңға жуық адам ауырған.

Ал биыл елімізде екі адамға күйдіргі диагнозы қойылса, соның біреуі аурудан қайтыс болды.


Соңғы жаңалықтар