СҚО-да сібір жарасы табылған Ақжар ауданы төрт аймаққа бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасының ошағы анықталған Ақжар ауданы төрт аймаққа бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулы ашық нормативті-құқықтық актілер сайтында жарияланды . Ірі қара мал арасында аса қауіпті сібір жарасы инфекциясының анықталуына байланысты ауруды жою және оның одан әрі таралуына жол бермеу бойынша арнайы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және тиімді жүргізу мақсатындааудан төрт аймаққа бөлінді. Біріншісі - эпизоотия ошағы мен «Ақ-Ниет-Агро и К» ЖШС тиесілі жайылымды қамтитын эпизоотия ошағынан 6 км радиустағы қолайсыз аймақ.

Екіншісі – буферлік аймақ. Қолайсыз аймақ шекарасынан 3 км радиусты қамтиды.

Үшіншісі – буферлік аймақтан кейін 3 км радиусты қамтитын бақылау аймағы. Оған Новосельск ауылдық округіне қарайтын Горьков ауылы мен ЖШС жайылымы кіреді.

Төртіншісі - Восход ауылдық округі Восход ауылын, Ұялы ауылдық округі Ұялы ауылын, Май ауылдық округі Май ауылын қамтитын бақылау аймағының шекарасынан тысқары қолайлы аймақ.

Естеріңізге салайық, Новосельск ауылдық округінің әкімінің шешімімен 25 тамызда эпизоотия ошағында карантин белгіленді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықта жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша Ақжар ауданы Новосельск ауылдық округінде орналасқан «Ак-Ниет-Агро и К» ЖШС тиесілі шалғайдағы жайылым аумағында ірі қара мал арасында сібір жарасы ауруы тіркелді. Инфекция екі малда табылды. Жалпы ауру анықталған ошақта 677 ірі қара мал бар.

«Инфекция ошағы елді мекендерден және жануарларды ұстайтын басқа да шаруашылықтардан едәуір қашықта орналасқан. Шалғайдағы жайылымдардың оқшаулығы, сондай-ақ ауыру деңгейінің төмендігі арнайы ветеринариялық іс-шараларды уақтылы және толық жүргізген жағдайда аурудың таралу жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Ауылдық округ елді мекендерінің аса тығыз болмауынан олардың арасындағы эпизоотиялық және шаруашылық аралық байланыстар аз, бұл сібір жарасының кең таралу ауқымын азайтады», - делінген түсіндірме жазбада.

Бұған дейін СҚО-да ауыл тұрғынының күйдіргі жұқтырып, ауруханаға түскенін айтқан едік .



Соңғы жаңалықтар