СҚО-да шөп пен астық ұрлауды кәсіп еткендерге қарсы рейд жүруде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұрлыққа қатысты 39 қылмыс анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында серіктестіктердің бірінің жұмысшысы егістіктен 21 тонна астықты ұрламақшы болған. Қауіпсіздік қызметкерлерінің қырағылы, сондай-ақ күзетуде қолданылатын жаңа технологиялардың арқасында механизатордың арам ойы жүзеге аспады. Оқиға орнына Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылды. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам комбайннан астықты тиеп алу үшін «КАМАЗ» көлігін арнайы жалдаған. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі тапсырыс берушінің қылмыстық ойы жайлы білмегендігін айтты.

Тайынша ауданының Зеленый Гай елді мекенінде учаскелік инспектор «Учаске» шұғыл-алдын алу шарасы аясында үй-үйді аралап, нәтижесінде ұрлықтың үстінен түсті. Полиция капитаны Рустам Қабысов ауыл тұрғынының ауласынан 14 орама шөпті тапқан, оның Новодворовка ауылындағы алқаптан ұрланғаны белгілі болды. Шөп иесіне қайтарылды.

«20 тамыздан бастап облыста «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Орақ науқаны кезінде тіркелген 39 ұрлықтың үшеуі ашылған жоқ. Ұрлықтың басым бөлігі астық өнімдерін, жағармай материалдарын, техника мен қосалқы бөлшектерді ұрлауға қатысты», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Соңғы жаңалықтар