СҚО-да шомылу орындарында рейд жүріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқару кеудешесі немесе шеңбері жоқ суда жүзу құралдарын пайдаланатындар жазаланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Есіл өзенінде жүргізілген рейд нәтижесінде «Шағын көлемді кемелерде жеке құтқару құралдарынсыз серуендеу» әкімшілік бабы бойынша екі хаттама толтырылды. Ол бойынша айыппұл 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Петропавл маңындағы Пёстрое көлінде тыйым салынған жерде шомылған адамдарға екі ескерту жасалды.

Құтқарушылардың айтуынша, рейдтердің басты мақсаты – судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Облыста 11 адам суға батып кетті. Соның төртеуі көлігімен суға кеткен.

«Өкінішке қарай, барлығы бірдей суға шомылатын қауіпсіз жерді таңдай білмейді. Көптеген тұрғындар шомылуға арналмаған орындарға барады, сондықтан осындай демалыс қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Акваторияны аралап жүргенде құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережелері жазылған нұсқаулықты таратады. Сондай-ақ рейд барысында жағалау аймағына 10-нан астам көлік кірігізілмеді», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Судағы адам өлімінің алдын алу бойынша рейдтер шомылу маусымы аяқталғанша жүретін болады.

Соңғы жаңалықтар