СҚО-да шоқыну мейрамына орай суға түсетін 27 орын дайындалады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 19 қаңтар күні өтетін православтықтардың діни мейрамына орай суға шомылуға және су алуға 27 орын әзірленбек. Жауапты ведомстволар дайындықты пысықтап, қауіпсіздік шараларын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, бұл күндері барлық деңгейдегі әкімдіктермен, полициямен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Суға шомылуға және ыдыстарға су алуға өңірде 27 орын дайындалады. Оның екеуі Петропавлда, тоғызы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, алтауы Қызылжар ауданында, төртеуі Айыртауда және екеуден Шал ақын, Есіл және Жамбыл аудандарында болады.

«Іс-шара басталмас бұрын департамент мамандары су ойықтарын тексеріп, қауіпсіз болуын қадағалайды. Бұдан басқа суға шомылу орындарында ТЖД, полиция департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем қызметі және жергілікті билік өкілдері кезекшілік атқарады. Бұл жұмысқа 300-ге жуық адам, 119 техника тартылмақ.

Бұл діни мейрам православтықтар арасында ғана емес, басқа дін өкілдері арасында да аталып, сол күні мұздай суға шомылушылар қатары арта түспек. Мәселен өткен жылы мұз ойыққа келіп түскендер және су алғандар саны 5 мыңнан асқан», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Құтқарушылар оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін де еске салды.

«Мұздай суға спирттік ішімдік ішіп түсуге болмайды. Аяққа ыңғайлы, сырғанамайтын және су болмайтын қосымша аяқ киім алу қажет.

Басы және қан тамырлары ауыратындарға суға түсуге тыйым салынады. Суға сүңгіген кезде тамырлар кенеттен тарылып, бұл инсультке әкелуі мүмкін.

Суда 1 минуттан артық болуға болмайды.

Суға шомылып шыққаннан кейін ыстық шай ішуге кеңес береміз.

Сондай-ақ мұз үстіне автокөлікпен кіруге тыйым салынған. Бір мезетте 20 адамның болуы да аса қауіпті», - дейді Мұрат Қанғожинов.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 19 қаңтар күні СҚО аумағында ауа температурасы күндіз – 8 -13 градус, ал түнде -23-28 градус болады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар