СҚО-да «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» көрмесі ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында Шоқанның балалық шағы өткен Айыртау ауданының «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» атты жылжымалы көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уәлихановтар әулетіне қатысты бірегей жәдігерлерді Петропавлдағы Абылай хан резиденциясы музей-кешенінен көруге болады. Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі қала тұрғындары мен қонақтарының назарына 30-дан аса экспонатты әкелген.

«Сырымбет қасиетті де, киелі мекен. Сырымбет елінен Ш.Уәлихановтың музейінен және де Шоқанның әжесі Айғаным қонысынан «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел» атты көрмені ұйымдастырып әкелдік. Келушілер бұл жерде Уәлихановтар әулетіне тиесілі бұйымдарды, құнды құжаттардың және Шоқан салған суреттердің фотокөшірмелерін көре алады», - дейді Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музей директорының міндетін атқарушы Нұргүл Құлбаева.

Құнды жәдігерлердің бірі - Шоқанның саяхатқа өзімен бірге алып жүрген ағаштан жасалған жол сандығы. Қашғарияға сапары кезінде оның өзімен бірге алып жүрген жез құман мен самауырын да көрмеден көруге болады. Тағы бір экспонат - 1812 жылғы Мәскеу қаласындағы шоколад фабрикасының сырты қаңылтырдан жасалған шоколад қорабы. Шоқанның немесе Петербургте 11 жыл тұрған Шоқанның інісі Мақының сол замандары туыстарына алып келген бағалы сыйлықтарының бірі.

«Шоқанмен бірге өскен дарынды аға-інілері болған. Сондай інілерінің бірі - Мақы Уәлиханов. Мақы суретші болған. Ол Петербургтағы керең–мылқаулар мектебінде оқып, білім алғаннан кейін түрлі ғылыми мекемелер мен кітапханаларда суретші болып істейді. Мақы Уәлиханов 1855-1866 жылға дейін Петербургте тұрған. Оның қолынан шыққан қазақ көркем өнерінің тамаша үлгілері 1876 жылы шығыстанушылардың ІІІ халықаралық конгресінде жүлдеге ие болды», - дейді Нұргүл Құлбаева.

Мақының өз қолымен жасаған, піл сүйектерінен құрастырылған жеке сандығы көпшіліктің қызығушылығын тудырары анық. Бұдан басқа Шыңғыстың алтын жіппен кестеленген белбеуі, Шоқанның әжесі Айғанымның қамзолы көрмеден орын алды.

Айыртау ауданының жылжымалы көрмесі Петропавлда бір ай бойы жұмыс істемек.

Соңғы жаңалықтар