СҚО-да шетелдіктердің қатысуымен жүрекке тіліксіз ота жасалды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталықта Швейцария, Германиядан келген профессорлардың қатысуымен жергілікті кардиохирургтар жүрек ақауы бар үш сырқатқа тіліксіз ота жасады. Бұл шеберлік сағатының мақсаты – емдеу мекемесінің күнделікті тәжірибесіне транскатетерлі қолқа қақпақшасын имплантациялау бойынша отаның жаңа әдісін енгізу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырқатқа отаны кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жасады. Ал Швейцария, Германиядан арнайы келген профессорлар операцияның барысын бақылауда ұстады. Бұл - олардың біздің өңірге екінші сапары. Петропавлға келмес бұрын шетелдіктер Астанада, Оралда болып, қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау отасына қатысты.

«Ақпан айында біз үш сәтті ота жасап, қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантацияладық. Бүгін басқа үш сырқатқа осындай ота жасаймыз. Бұл науқастар осындай TAVI - қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау операциясын жасауға болатын статистикалық орта жасқа жатады, яғни 70-75 жаста.

Неліктен отаның бұл түріне басымдық берілген, өйткені ол жабық түрде, кеуде қуысын ашпастан, наркоз берілмей жасалады. Нәтижесінде сырқат ашық отаға қарағанда өте тез қалпына келіп, аяғына тұрады. Жергілікті дәрігерлер жақсы тәжірибе жинақтап, осындай отаны өздігінен жасау үшін біздің қатысуымызбен жылына 10-15 операция жасалуы тиіс.

Қажетті дағды қалыптасқаннан кейін ғана олар шетелдік мамандардың қашықтан бақылауымен, кеңес беруімен ота жасайтын болады», - дейді профессор Кейс Олдройд.

Бұрын қолқа стенозы бар егде жастағы сырқаттарға отаны Астана және Алматы орталықтарында жасалатын. Енді жергілікті кардиологтар жаңа технологияны меңгеріп жатыр, ал протез ретінде қара малдың жүрек қабын пайдаланады.

«Бұл - бірегей ота. Жасы 70-тен асқан сырқаттарға жасының ұлғаюына, созылмалы ауруларға байланысты ашық ота жасауға болмайды. Шетелдік мамандар келмес бұрын біз сырқаттарды іріктеп алдық, бір ай бойы оларды дайындадық. Түрлі тексерулер жүргізіп, шақ келетін қақпақша таңдап, шетелден тапсырыспен алғыздық.

Ота аз жарақатты болғандықтан, екінші күні сырқаттар өздігінен жүре алады, тіпті үйлеріне де жіберілуі мүмкін. Ерекшелігі де сол, олар үйреншікті істерімен айналыса алады.

Қазіргі өмір сүру салтына байланысты, көп отырып, аз қимылдаудың салдарынан 50 жастан кейін стенозға алып келетін жүрек аурулары пайда болады. Сондықтан да отаның бұл түріне сұраныс бар», - дейді облыстық көпсалалы ауруханасының бас директоры Сәкен Әмрин.

Маманның айтуынша, елімізде кардиологиялық қызмет жақсы дамып келеді. Қазақстан бойынша осындай 500 шақты қолқа қақпақшасы қойылған. Бұл – жоғары технологиялық операция, бір-біреуі 5-6 млн теңге тұрады. Сырқаттарға ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.

«Біздің кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық оталар бірнеше жылдан бері жасалып келеді. Кезінде коронография, стенттеу, аорта-коронарлық шунттау – жүрек, қолқаға шунт қоюды үйрендік. Қазір жүрекке кардиостимулятор қоямыз, жүрекке радиожиілік абляция жасаймыз. Биыл Швейцария, Германия профессорларымен сөйлесіп, келісімшартқа отырып, қолқа стенозы кезінде қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау әдісін үйреніп жатырмыз. Бұл еліміздің бірнеше қаласында жасалады. Біз де олардан қалып жатқан жоқпыз, өз жұмысымызға енгіземіз», - дейді СҚО көпсалалы ауруханасы кардиологиялық орталық директоры Азамат Мағзұмов.


Соңғы жаңалықтар