СҚО-да шенеунік бизнеспен айналысты деген күдікке ілікті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының Әдеп кеңесінде Мәмлүт ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әмір Бектеміровке қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шенеунік кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке іліккен. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізген қызметтік тексеріс барысында оның жұбайы Марина Бектеміроваға тиесілі шаруа қожалығы бар екені анықталды. Департамент қызметкерлері қожалықты шынында Әмір Бектеміровтің өзі жүргізе ме, жоқ па - соны бірнеше адамнан сұраған. Олардың ішінде тек бір комбайншы шенеуніктің өзі жанармай әкеліп, екі рет оны алқаптан алып кеткенін айтты.

Ал Бектеміровтің өзі комбайншының неге бұлай айтқанын түсінер емес. Бетпе-бет кездесіп мұны айтуға да әзір. Шенеуніктің айтуынша, жұбайының қызметіне оның ешқандай қатысы жоқ. Комбайншыға оның туысы Дмитрий Есенюк барған.

«Марина шаруа қожалығын әкесінің көмегімен 1998 жылы құрған. Мен ол кезде мемлекеттік қызметтемін. Әйелім жұмыссыз жүрді, азын-аулақ табыс алу үшін осы қожалықты құрды. Оны түгел өз атына ресімдеген. Қазір қожалықта бірде-бір техника жоқ, Марина техникасын пайдалану үшін басқа қожалықтармен келіседі. Мен 20 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрмін, сондықтан кәсіпкерлікпен айналыса алмайтынымды білемін. Әйелімнің астында көлік бар, оны өзі жүргізеді, кейде туысымыз Дмитрий Есенюк мінеді. Ол әйеліме көмектеседі», - дейді Ә. Бектеміров.

Бектеміровтің айтуынша, әйелі шаруа қожалығын басқаға тапсыруға да дайын көрінеді. Әйтеуір, осындай кикілжіңнен аулақ жүрсе болғаны.

«Материалдарды тексеру барысында Бектеміровтің кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын растайтын фактілер жеткіліксіз болды. Дегенмен, біз осы мәселені Әдеп кеңесінде қарауға міндетті едік», - дейді Әдеп кеңесінің төрайымы, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Елена Степаненко.

Әдеп кеңесінің мүшелері Бектеміровке қатысты тәртіптік істі тоқтатуды қолдап дауыс берді.



Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар