СҚО-да шаруалар 133 млн теңге демеуқаржыдан қағылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық шаруалар ақпараттық жүйенің дұрыс істемеуінен 133 млн теңгеден қағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Лидер» шаруа қожалығының жетекшісі Виктор Мамаев кәсіпкерлер палатасына арызданды. Былтыр дихан тыңайтқыштарға берілетін демеуқаржыны ала алмапты. Ол «бұл оқиға биыл да қайталануы мүмкін» деп отыр.

2004 жылы құрылған «Лидер» ШҚ Аққайың ауданында орналасқан. Оның 1 мыңға жуық гектар егістік жері бар. Былтыр астықтың сапасын арттыру мақсатында 64 тонна «Аммофос» тыңайытқышын сатып алған.

«Былтыр оңтүстіктегі зауыттан 8 млн теңгеге минералдық тыңайтқыш сатып алдым. Жұмсалған қаражаттың 50 пайызын мемлекет субсидия түрінде қайтару керек болатын. Алайда, менің қолыма 4 млн теңге тимеді. Былтырдан бастап демеуқаржы ақпараттық жүйе арқылы беріле бастады. Яғни жеңілдік алу үшін біз осы жүйеге онлайн өтініш беруіміз керек. Бірақ оған біз тіркеле алмаймыз, себебі 2007 жылы алған бизнес сәйкестендіру нөміріміз талапқа сай келмейді. Бірыңғай сәйкестендіру нөмірін (БСН) жаңа үлгіде тіркеп беруді сұраймыз», -дейді Виктор Мамаев.

Қызылжар ауданындағы «Золотилин С.А» шаруа қожалығы да демеуқаржыны алмаған. 12 шағын шаруашылық біріккенімен жүйеге тіркелген кезде олардың қарамағындағы жерді көрсетпейді екен.

«Біз фермерлік шаруашылық ретінде БСН-ды алдық, заңды тұлғамыз. Бірақ былтыр демеуқаржыдан қағылдық, өйткені бағдарлама дұрыс құрастырылмаған. Біздің барлық алқабымыз жеке тұлғалардың ЖСН-ына тіркелген. БСН-ды енгізген кезде біздің жерлерімізді көрсетпейді», - дейді «Золотилин С.А» ШҚ жетекшісінің орынбасары Максим Золотилин.

Былтыр бірыңғай ақпараттық жүйенің кесірінен өңірде 84 шаруа осылайша субсидиядан қағылды. Бұл жерде адами фактор жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысымен әзірленген бағдарламаның жетілдірер тұстары көп.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейіловтың айтуынша, бағдарламаны Астана қаласындағы «Ақпараттық есептік орталық» акционерлік қоғамы әзірлеген. Ол фермерлердің аты-жөнін, олар пайдаланатын жер аумағын дұрыс көрсетпейді. Бұл жүйе шаруашылықтар жайындағы барлық деректерді түрлі ведомстволардан жинап біріктіруі қажет еді. Алайда, Мемлекеттік кірістер комитеті «құпия ақпарат» деп деректерді беруден бас тартқан.

«Демеуқаржының шаруалардың қолыына тимей жатқандығы жөнінде тез арада Ауыл шаруашылығы министрлігін хабардар ету керек. Сондай-ақ мәселенің мән-жайын анықтауы үшін Бас прокуратураға жүгінеміз. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің құқығы өрескел бұзылып, олардың шығын шегіп жатқаны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы деңгейінде қаралатын болады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Инесса Қуанова.

Биылдан бастап осы ақпараттық жүйе арқылы өтініштер минералды тыңайтқыштарға ғана емес, гербицид пен жанар май алуға да қабылданбақшы.

Соңғы жаңалықтар