СҚО-да шаруа қожалығы балдыр өсіріп, жемазық ретінде қолдануда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шаруа қожалығы ірі қара малдан жақсы өнім алу үшін жемазық ретінде балдырды қолданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әсем» шаруа қожалығы Шал ақын ауданында орналасқан. Қазір егіншілік пен мал шаруашылығын қатар алып жүр. Әр кәсіпкер аз шығынмен жақсы өнім алуға тырысады. Светлана Атымтаева да осы мақсатпен үш жыл бұрын хлорелла өсіруді қолға алады.

«Хлорелла – дәруменге толы, өте пайдалы балдыр. Оның бойында кальций, фосфор, магний, калий, мыс, темір, мырыш, күкірт, кобальт, тағы басқа көптеген дәрумендер бар. Оның құрғақ күйіндегі массасының 55% ақуыздан тұрады. Хлорелла йодқа және «жасыл алтын» атанып кеткен хлорофиллге бай. Оның түсі не иісі жоқ. Сол себепті малға, құсқа жемазық ретінде қолдануға болады», - дейді кәсіпкер.

Шаруа қожалығының қазір өз зертханасы бар. Ол жерде зертханашы үлкен ыдыстарда балдыр өсірумен айналысады. Жаңа технологияны қолданысқа енгізу үшін 2 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды. Қажетті қондырғы әкелініп, хлорелла тұқымы Татарстанның Қазан қаласынан жеткізілді.

«Айына 3 мың тонна балдыр өндіретін мүмкіндігіміз бар. Оның артықшылығы көп, дәруменге бай болғандықтан көптеген дәрі-дәрмекті алмастырады. Біз тәжірибе ретінде бір мезгілде туған 60 бұзауды бөліп алдық. Олардың жартысына күніне екі рет суына хлорелла қосып беріп отырдық. Нәтижесінде олар 100-120 грамнан артық салмақ қосып отырды.

Үш жыл нәтиже шығаруға ерте. Біз әлі тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Қазіргі есебіміз бойынша ол өзін әлі толық көрсете алған жоқ. Электр қуатына , жұмысшыларға, көлік тасымалына кететін шығынды есептегенде пайдасы көп емес. Сол себепті малға беру тәсілдерін өзгертіп көреміз. Тиімді болу жолдарын іздейміз», - дейді ол.

Шаруашылық басшысының айтуынша, қыста хлорелланы өсіруден бас тартуға тура келген. Өйткені электр қуатына көп қаражат кетеді екен. Ал көктемде күн жылынысымен қайтадан Қазан қаласынан хлорелланың жаңа селекциясы жеткізілмек. Ірі қарадан басқа қой және жылқы өсіретін кәсіпкер бұл жолы жаңа технологияны Шопан ата төліне қолданып көрмек.

Өз шаруашылығында үнемі жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуге тырысатын Светлана Атымтаева бұдан басқа қазір мал азығына дақылды үгітіп емес, жаныштап беретін болған. Мәселен жанышталған бидайдың құрамы жақсы сақталады.

«Бидайды жаныштау үшін польшалық қондырғы алдық. Ылғалдылығы жоғары бидайды сақтауға болмайды, ол көгеріп, күйіп кетеді. Біз осындай дымқыл бидайды аппаратқа салып жаныштаймыз. Нәтижесінде оны ұзақ уақыт сақтауға болады. Әрі бір байқағанымыз мұндай жемазықтың құнарлы заттары бұзылмайды, малға сіңімді келеді», - дейді Светлана Атымтаева.

«Әсем» шаруа қожалығының қазір 3 мың гектар алқабы болса, оның 500 гектарын жем-шөп өсіруге қолданады, қалғанына бидай егеді. Бұл – дамып келе жатқан шаруашылық үшін өте аз. Кәсіпкердің айтуынша, жердің аздығынан технология сақталмай жатыр, алқаптың бір бөлігін тынықтыруға мүмкіндік жоқ. Сол себепті егін егу үшін де, төрт түлікке жемазық дайындау

үшін де бар жерді барынша тиімді қолдануға тырысып бағуда.


Соңғы жаңалықтар