СҚО-да шаңды дауыл 5 ғимараттың шатырын жұлып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 18 мамыр күні болған шаңды дауыл 5 ауылдағы ғимараттың шатырын жұлып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 мамыр, сағат 13:20 кезінде Тайынша ауданында екпіні секундына 33 метрге дейін жететін шаңды дауыл тұрды. Соның салдарынан Чермошнянка ауылындағы Чермошнянский ауылдық округі әкімдігі ғимаратының 80 шаршы метр шатырын жұлып кетті. Осы аудандағы Леонидовка елді мекеніндегі орта мектепке де зақым келді. Жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метр болатын мектептің 171 шаршы метрінің шатыры жұлынды.

Шаңды дауыл Ақжар ауданында сағат 14.50 кезінде өтті. Мұнда да желдің екпіні секундына 33 метрге жеткен. Талшық ауылындағы Бестерек орта мектебі шатырының бір бөлігі, Алқатерек елді мекеніндегі орта мектеп ғимараты спорт залының шатыры және Восход ауылындағы орта мектеп спорт залының шатыры жұлынды.

Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиға орнында комиссия жұмыс істеп жатыр.

Естеріңізге салайық, кеше СҚО-ның үш ауданында шаңды дауыл соққан еді. Сирек кездесетін құбылыс тұрғындарды шошытты.


Соңғы жаңалықтар