СҚО-да сайлау өтіп, Сенат депутаты болып Әсем Рахметова сайланды

None
Фото: Жансая Қайыпова
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кенеттен қайтыс болған Гүлмира Кәрімованың орнына Сенат депутаты сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Сенаты депутаттығының бос қалған мандатын иелену үшін облыстық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну тәртібімен 7 кандидат құжатын тапсырды. Олар:

- Мелехов Сергей Владимирович;

- Махиня Евгений Сергеевич;

- Есдәулетов Жақсылық Төлеуұлы;

- Жалғасбаев Біржан Нұрмаханұлы;

- Рафальский Анатолий Брониславович;

- Рахметова Әсем Қалашбайқызы;

- Қасенова Рауза Ивановна.

Алайда үміткерлердің екеуі ғана сайлауға түсті. Бірі өз еркімен кандидатурасын қайтарып алса, енді бірі тиісті құжаттарды толық ұсынбаған.


Таңдаушылар Әсем Рахметова мен Рауза Қасенова арасында таңдау жасады. Дауыс беруге СҚО-дағы мәслихаттардың 193 депутатының 180-і қатысты, 13 депутат белгілі себептермен қатыса алмады.

Рауза Ивановна Қасенова, 1965 жылы туған, Петропавл тұрғыны. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы;

Әсем Қалашбайқызы Рахметова, 1980 жылы туған, Петропавл тұрғыны. «AMANAT» партиясы» ҚБ СҚО облыстық филиалының төрағасы.

Нәтижесінде таңдау Әсем Рахметоваға түсіп, 180 дауыстың 134-ін иемденді. 6 депутат екі кандидатқа да қарсы болса, 1 бюллетень жарамсыз деп танылды.

Естеріңізге салайық, қаңтар айында сенатор Гүлмира Кәрімова мезгілсіз дүниеден өткен еді.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Гүлмира Кәрімованың өліміне жүрек талмасы себеп болғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар