СҚО-да сабан мен целлюлозадан қағаз жасау ісі қолға алынбақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті кәсіпорындардың бірі санитарлық-гигиеналық қағазды және қағаз пакеттерді шығару ісін қолға алмақ. Жаңа жоба елде жоқ технология бойынша жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жобаның ерекшелігі – қағазды шығаруда түрлі шикізаттың: сабанның, целлюлоза және макулатураның қолданылуында.

«Біздің компания бұл жобаны жүзеге асыруды көптен ойлап жүр. Зерттеулер қағазға деген қажеттіліктің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені бүкіл әлем экологиялық, тез шіритін заттарға басымдық беруде. Қазір әр қазақстандық жылына шамамен 3 кг қағаз қолданады, Ресейде көрсеткіш 5 кг болса, Еуропа тұрғындары жылына 11 кг қағазды пайдаланады.

Біз бастапқыда онға жуық өнім түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар: қағаз сүлгілер, дәретхана қағазы, кеңселік техникаға арналған қағаз, қағаз майлықтар, қағаз орамалдар және түрлі пішімдегі пакеттер», - дейді «Радуга» ЖШС бас директоры Дмитрий Шарапаев.

Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, елімізде санитарлық-гигиеналық қағазды шығаратын жалғыз компания Алматыда орналасқан. Олар ескі технологиямен тек қағаз майлық өндірісін жолға қойған. Шикізат ретінде макулатураны қолданады. «Радуга» ЖШС де бұрын макулатураны осы кәсіпорынға өткізіп келген. Жаңа зауыт ашылысымен шикізатты өз өндірісінде қолданбақ.

«Жаңа жоба қытайлық технологиямен жұмыс істейді. Қажетті қондырғыларды осы аспан асты елінен жеткіземіз. Олар өз қондырғыларымен бірге міндетті түрде технологияны да сатады. Ал оны өзімізге қарай ыңғайлап, жетілдіреміз», - дейді Дмитрий Шарапаев.

Солтүстік Қазақстан – астықты өңір. Сол себепті шикізат ретінде сабаннан қиындық тумайды.

«Жаңа жобаның артықшылығы да осында – шикізат қол астында. Алысқа барудың қажеті жоқ, арзан. Шаруашылықтар да қар астында қалдырмай, сатып пайда көреді. Целлюлоза – премиум класқа жататын шикізат. Одан өте сапалы қағаз жасалады. Біз целлюлозадан кеңсе қағазын жасамақпыз. Қазіргі уақытта шикізаттың осы түрін жеткізетін компанияларды іздестіріп жатырмыз. Бірінші кезекте қазақстандық және көрші Ресейдің өндірушілерімен жұмыс істейміз. Ал макулатура бойынша қазір нарықты зерттеп жатырмыз, жетпегенін сатып аламыз», - дейді кәсіпорын басшысы.

«Радуга» ЖШС 10 жылдан артық санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз дистрибуциясымен айналысады. Қазақстанның 10 қаласында филиалы бар. Нарық таныс. Өз өнімдерін ел ішінде ғана сатпай, жақын шетелге шығаруды да жоспарлаған.

«Нарықты зерттей келе байқағанымыз, мұндай өнімді 500 км радиуста өткізген тиімді. 50% экспортқа шығармақ ойдамыз. Өндірісті 2021 жылдың көктемінде қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір жаңа зауыттың ғимаратын қалыпқа келтіріп жатырмыз. Қазіргі таңда жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеге бағаланған», - дейді жоспарымен бөліскен кәсіпкер.

Жаңа зауыт айына 500 тонна санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бен қағаз пакеттер шығаратын болады. Өндіріске 50 адам тартылмақ.

«Қазіргі таңда біз де пандемияның салдарын тартып жатырмыз. Шетелге шығып қондырғылармен, жаңа технологиямен жақын танысуға мүмкіндік жоқ. Банктер де болашақта алған несиені қайтаруға дәрмені жетер ме екен деп клиенттерге сенімсіздікпен қарайтын болған. Бірақ мұның бәрі уақытша қиындық екеніне сенеміз. Өңір үшін аса қажет, маңызды жобаны жүзеге асырамыз», - дейді Дмитрий Шарапаев.



Соңғы жаңалықтар