СҚО-да республикалық жолда адасып жүрген 6 жасар баланы полицейлер құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 6 жасар бала үйінен шығып, адасып кеткен. Оны полицейлер республикалық автожолда тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекшілік атқарып жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Петропавл – Нұр-Сұлтан» автожолының бойында кетіп бара жатқан баланы көріп қалады. Полицейлер тоқтап, оны сөзге тартып, Бәйтерек ауылының тұрғыны екенін анықтаған. Үй ауласынан шығып, адасқан бала жол бойымен жүре-жүре 10 шақырымдай өтіпті. Тәртіп сақшылары баланы Бескөл ауылындағы әжесінің үйіне жеткізді. Ал ата-анасы оны өздері іздеп, әлі полицияға хабарлап үлгермеген екен.

«Отбасымның атынан Сізге қызметкерлеріңізге жақсы тәрбие бергеніңізге зор алғысымды білдіремін. Олар барлық ҚР құқық қорғау органдарының мәртебесін көтеруде. Осындай тәртіп сақшылары тұрғындардың құрметіне бөленеді», - деп баланың анасы СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына хат жазды.

Полиция қызметкерлеріне алғыс білдірген тағы бір жазба әлеуметтік желіде пайда болды. Явленка елдімекені тұрғынының ВАЗ-21112 көлігі жолда келе жатып сынып қалған.

«Көлігім сынып, жолда қалдым. Өткен-кеткеннің ешқайсы тоқтамай қойды. Жол полициясы қызметкерлері тоқтап, машинамды аудан орталығына дейін сүйреп жеткізді. Жарайсыңдар жігіттер!» деп жазды елдімекен тұрғыны.

СҚО ПД патрульді полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, қиын жағдайда қалған тұрғындарға көмек көрсету полицейлердің кәсіби міндеті. Десек те, халықтың алғысы оларға өз жұмыстарын өте жақсы істеуге ынталандырады.




Соңғы жаңалықтар