СҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 1,7 млрд теңге бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға биыл 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы республикалық маңызы бар тас жолдардың жалпы ұзындығы - 1468 шақырым. Жолдарды қалыпты жағдайда ұстау үшін күн сайын 80 техника мен 200 адам жұмылдырылады.

«Қазіргі уақытта жолдарда көктайғаққа қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы техниканың құм шашары, щеткасы және қар тазалау үшін күрегі бар. Мұндай КамАЗ-дардың 28-і бар кәсіпорында», - дейді «ҚазАвтоЖол» ЖШС СҚОФ бас инженері Азамат Шүбеков.

Анатолий Самковский жол техникасының бірінде бұрыннан істейді. Көлік жаңа, ыңғайлы.

«Жолда түрлі жағдайлар кездеседі, жүргізушілерге қолдан келгенше көмектесіп жатамыз. Мен мінген көлікпен көптеген жұмыс атқарылады. Мысалы тайғақ жерлерге құм себу, кейде жол жиегіне шығып кеткен көліктерді де тартып шығаратын кездерім болады», - дейді жұмысшы.

Былтыр республикалық маңызы бар жолдарға жылдамдықты өлшейтін құрылғылар орнатылды. Егер көлік иесі жылдамдықты асырса, аталмыш құралдың қызыл түсі жанады.

«Болашақта республикалық маңызы бар жолдардың барлығына, әсіресе елдімекендердің жанына осындай құрылғы орнатуды жоспарлап отырмыз. Жергілікті полиция қызметімен бірлесе жұмыс атқармақ ниеттеміз, біздің құрылғылардың мәліметтері бойынша айыппұл төлейтіндей етіп», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры Болатбек Айтбаев.

СҚО аумағында компанияның 5 жол-пайдалану учаскесі және 13 бекеті бар. Сондай-ақ, жолдар жабылып, қар құрсауында қалған жағдайда жолаушылар 11 жылыту бекетіне тоқтай алады. Бұл жерде оларға жатын орын мен тамақ қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың барлығы қардан тазартылды.

Соңғы жаңалықтар