СҚО-да психиатриялық және наркологиялық анықтамалар емханаларда берілетін болады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Келер жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының емханаларында психикалық денсаулық кабинеттері ашылады.  Бұл жерде психиатриялық қана емес, наркологиялық көмек те қоса көрсетілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Петропавлдағы психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлер біріктіріліп, «Психикалық денсаулық орталығы» болып құрылған еді. Енді, қаңтардың бірінен бастап орталықтың бөлімшелері - психикалық денсаулық кабинеттері өңірдің емханаларында ашылмақ.

Осыған орай, орталықтың мамандары арнайы оқыту курстарынан өтіп, 2019 жылдан Петропавлдағы 1-ші, 2-ші және 3-ші қалалық емханаларда жұмыс істейтін болады. Психикалық денсаулық орталығынан ауысып келетін кадрлар үшін емханалар бөлек кабинеттер дайындап жатыр. 

«Қаңтар айынан бастап тұрғындарға психиатриялық және наркологиялық көмек өздері тіркелген емханаларда көрсетіледі. Мұнда стандартқа сай, бөлек кіретін есігі, тіркеу орны, ем-дом кабинеті болады. Психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұру-тұрмау жөніндегі анықтама да сол емханалардағы кабинетте тегін беріледі. Сонымен қатар, нарколог дәрігер мен психиатрдың міндеттерін бір ғана маман атқарады. Бұл өзгерістер тұрғындардың уақытын үнемдеуге септігін тигізбек»,-дейді Психикалық денсаулық орталығы бөлімінің меңгерушісі Екатерина Пропащева.

Мұнымен қоса, еңбекке жарамдылық, көлікті жүргізу, қаруды ұстау жөніндегі рұқсат қағаздарын да емханалардан алуға болады. Ол психиатриялық, наркологиялық есепте тұрмағандарға ғана беріледі.

«Наркологиялық, психиатриялық есепте тұрғандардың кейбіріне автокөлікті басқару, қаруды ұстау құқығы беріледі. Бірақ олар рұқсат қағаздарын емханалардағы психиатрлардан емес, Рижская, 6 мекен жайындағы Психикалық денсаулық орталығынан алады. Оларға анықтама беру-бермеу жөніндегі шешімді емханалар емес, біз шешеміз», - дейді Психикалық денсаулық орталығының наркологиялық қызмет бойынша бас дәрігердің орынбасары Елена Смагина.

Сондай-ақ, Психикалық денсаулық орталығының бөлімшелері жаңа жылдан бастап аудандық орталық емханаларында да жұмысын бастайды.

 

 

Соңғы жаңалықтар