СҚО-да психдиспансерден қашқан жігіт 5 күннен кейін Ақмола облысынан табылды

None
Фото: polisia.kz
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында психикалық денсаулық орталығынан кетіп қалған 29 жастағы жігітті полиция қызметкерлері аман-есен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 сәуірде Тайынша ауданының полиция бөліміне Тайынша қаласының психикалық денсаулық орталығы аумағынан белгісіз бағытта 29 жастағы науқас адамның кеткені туралы хабар түсті.

Полицейлер іздестіру іс-шараларын бастады, оларға волонтерлер көмекке келіп, әлеуметтік желілерде фото бағдарлауды таратты.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 25-нен 26 сәуірге қараған түні жоғалған адамның орналасқан жері анықталды.

Жігіт Ақмола облысы Мариновка ауылынан табылды.

Ер адам Тайынша қаласынан жолға шығып, Астанаға кеткен. Сол жерден алыс туыстары оны Мариновкаға жіберген екен.

26 сәуірде іздеудегі адам Тайынша қаласына аман-есен жеткізіліп, психикалық денсаулық орталығының басшылығына тапсырылды.

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының ақпараты бойынша, жыл басынан бері СҚО бойынша полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 12 адамның жүрген жерін анықтады.

Бұған дейін 29 жастағы Руслан Васильевич Щедневке іздеу жарияланғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар