СҚО-да полиция қызметкері жүкті әйелді перзентханаға жеткізді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолда жүкті ананы босандыра жаздады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Оңтүстік» бекетінде болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкері Серік Сейпиев жүкті әйел үшін игі іс жасады.

Дәл сол күні Аққайың ауданының тұрғыны Әлімхат Самиғұлов аудандық аурухананың акушерінің қарауымен әйелін облыстық перинаталдық орталыққа апара жатқан. Көлік жолда бұзылып қалған. Келіншегі мен акушерді өтіп бара жатқан көлікке отырғызуға тура келді. Өте шұғыл болғандықтан акушер полицейлердің көмегіне жүгінуге кеңес берді. Сағат түнгі 22-00 шамасында жүргізуші бекетке келіп тоқтаған.

«С. Сейпиев дереу келіншек пен акушерді патрульдік көлікке отырғызып, шамдарын қосып, бірнеше минуттың ішінде перинаталдық орталыққа жеткізді. Оның серіктесі Асқар Сердалинов бұл уақытта кезекші бөлімге болған жағдай туралы хабар берген. Шамамен жарты сағаттаң соң кезекші бөлімнен келіншектің аман-есен ұл босанғаны туралы хабар келді», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Полицей уақыттың тапшы екенін түсінгенгендіктен, әжептәуір уайымдағанын жеткізді. Келесі күні аға лейтенант Сейпиев ана мен баланың жағдайын біліп қайту үшін тағы да бір мәрте перинаталдық орталыққа келді.

Олеся Жуковень


Соңғы жаңалықтар