СҚО-да полиция балықшы мен оның 14 жастағы ұлын құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары боранда жолда қалған 20 адамға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, төрт автокөлікке мінген Жамбыл ауданы Благовещенка елді мекенінің тұрғындары түнде Айтуар ауылының маңында жолда қалады. Олар Ғабит Мүсірепов ауданынан үйлеріне қайтып келе жатқан. Көліктің бірінде кішкентай бала болған. Қар алған жолдан өздігінен өте алмасын білген тұрғындар арнайы қызметтерге қоңырау шалып, көмек сұрайды.

Архангелька ауылының учаскелік полиция инспекторы Атығай Темешов жедел түрде құтқару операциясын ұйымдастырды.

«Көліктер батқан жерге ауылдық округ әкімі, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жетті. Айтуар ауылына дейін тоғыз шақырым қалған екен. Батқан көліктерді күрекпен қардан аршып шығардық. Жедел жәрдем машинасы жол бастап отырды. Оған дейін жол тазалайтын техника жетіп, тұрғындарды Айтуар ауылынан Благовещенкаға дейін шығарып салды. Мұндай жағдайда халықтың бірлігі байқалады. Жұрт қолдарынан келгенше көмектесуге тырысады», - дейді полицияның учаскелік инспекторы Атығай Темешов.

Есіл ауданында тасжолда кезекшілік етіп жүрген патрульді полицейлер қар құрсауында қалған балықшы мен оның 14 жастағы баласына көмектесті. Балық аулауға барған тұрғын ауа райының бұзылғанын байқамай қалған. Боранның салдарынан Mitsubishi Pajero көлігімен өздігінен көл басынан шыға алмаған оған тәртіп сақшылары мен жергілікті ЖШС көмекке келіп, машинасын қардан алып шықты.




Соңғы жаңалықтар