СҚО-да полицейлік лауазымдар 10% қысқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы жол-патрульдік полициясының 200-ден астам сержанты офицерлік құрам қатарына ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрын сотталғандар мен шартты түрде босатылған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу мәселелері СҚО Полиция департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысында сөз болды. Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов отырыс қатысушыларына облыстық полиция ведомствосының бастығы Марат Төлебаевты таныстырып, оған ККО мүшесінің куәлігін табыстады.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыс қатысушылары арасында қызу талқыға түскен тақырып - сотталған, бірақ қоғамнан шеттетілмеген тұлғалармен және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандармен профилактикалық жұмыс жүргізу болды.

«Жыл басынан 2 мыңнан астам тексеріс жүргізілді, оның барысында 58 бұзушылық анықталды. Биылғы жылы учаскелік полиция инспекторларының ұсынымы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 22 тұлға түрлі бұзушылықтар жасағаны үшін түзету мекемелеріне қайта қамалды. Қазіргі уақытта полицейлердің профилактикалық есебінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған - 440 адам, бұрын ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болған 330 адам тұр», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Отырыста жазасын өтеп шыққандарға әлеуметтік көмек көрсету және бейімдеу мәселесі көтерілді. Полицейлер және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерінің айтуынша, олардың жұмыспен қамтылуы - ең тиімді профилактикалық шара болып табылады.

Алайда, тәртіп сақшыларының айтуынша, жұмыс берушілер сотталған тұлғаларды жұмысқа алуға ниет білдіре қоймайды. Сондықтан, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, көбінесе кездейсоқ нәпақамен күн көруді жөн санайды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы оларды жұмысқа мәжбүрлеп орналастыру шараларын қабылдау кезінде нормативтік құжаттарға сүйену қажеттілігін атап өтті.

Кездесуде Полиция департаментіндегі лауазымдарды қысқарту мәселесі де қозғалды. ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, штаттық бірлік 281-ге азайды. Оңтайландыру мақсатында орта буын жетекшілері - бөлімше басшылары қысқартылды. Сондай-ақ бірнеше басқарма қосылды. Ал Жол-патрульдік полицияның 200 сержанты лейтенант шенін алды.

Соңғы жаңалықтар