СҚО-да полицейлер жол жағдайына байланысты кешенді тексеріс жұмыстарын бастамақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды қардан дұрыс тазаламау деректері бойынша коммуналдық қызметтердің 7 лауазым иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл қыста Петропавл және облыс жолдарында 230-дан астам тексеріс жүргізілді.

Жолды қардан дұрыс тазаламау фактілері бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың басшылығына 250-ден астам ұйғарым жолданды. Оларды орындамағаны үшін жол ұйымдарының басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері, яғни 7 лауазымды тұлға айыппұл төледі.

«Бүгінде көктемгі су тасқынына дайындық – жұмыстың басым бағыттарының бірі. Жолдарды су шаймауы үшін тасқыннан қорғауға мүмкіндік беретін су өткізгіштердің таза болуына бақылау жүргіземіз. Облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында барлығы 1185 су өткізгіш орналасқан. Оның 792-і бүгінгі күнге дейін тазартылды», - дейді СҚО ПД ӘПБ бастығы Жасұлан Оспанов.

Тәртіп сақшылары Петропавлдағы жолдардың тазалығын, шатырлардың қардан және мұздан таза болуын да қадағалайды. Облыс орталығында осы мақсатта учаскелік инспекторлар 12 рейдтік іс-шара жүргізді. Абаттандыру ережелерін елемеген 372 адамға ескерту жасалды, ережені қайта бұзғаны үшін 29 айыппұл салынды.

Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері жақында СҚО аумағындағы жолдарға көктемгі кешенді тексеріс жұмыстарын бастайды. Жол жағдайы, жол инфрақұрылымының барлық элементтері тексеріледі. Тексеріс нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жолдардың сапасын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар жолданбақ.


Соңғы жаңалықтар