СҚО-да полицейлер пиротехникалық бұйымдар сататын орындарды бақылауға алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталып, тәртіп сақшылары сауда орындарын тексеруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Пиротехника» акциясының мақсаты – халықты сапасыз отшашулар мен петардаларды қолданудан қорғау.

«Пиротехникалық бұйымдардың лицензиясы болса да, оны асқан сақтықпен, тиісті талаптарын орындай отырып қолдану қажет. Нұсқаулығы міндетті түрде қаптаманың сыртында қазақ және орыс тілдерінде жазылуы керек. Пиротехниканы баланың қолына беруге болмайды. Сондай-ақ лицензиясы жоқ фейерверктердің екі есе қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Сапасына кепілдік болмаса, бұйым алдын ала қолда жарылып кетіп, денсаулыққа зиян келуі, тіпті, өмірге қауіп тудыруы мүмкін», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.

Полицейлердің сөзіне қарағанда, пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғандарға және балаларына бұл қауіпті затпен ойнауға рұқсат берген ата-аналарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Фейерверктер мен петардаларды тиісті рұқсат құжаттарынсыз сатқандар да әкімшілік жауапқа тартылады. Айыппұл көлемі 25 АЕК мөлшерінде. Ал лицензиясы болғанымен сақтау, тасымалдау, сату, жою және басқа да талаптарды бұзғандарға 5 пен 45 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

«Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 3 қаңтарға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар