СҚО-да полицейлер мұқтаж жандарға аулаларын қардан тазартуға көмектесіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қайырымдылық акцияларына қатысып, тұрғындардың аулаларын қалың қардан тазалауға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда қиын жағдайға тап болған отбасыны анықтаған. Ауыл тұрғынының алты баласы бар екен. Жағарға көмірі таусылып, ал әкелуге қар құрсауында қалғандықтан мүмкіндігі болмаған. Полицейлер «Михеев» жеке кәсіпкерлігіне жүгініп, ауыр техниканың көмегі арқасында үйге барар жолды аршыды.

Тәртіп сақшылары қайырымдылық акциясы аясында он шақты жанға әлеуметтік көмек көрсетті. Құшақтары гүлге толы полицейлер сыйлықтарын алып, Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне барып қайтты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары отбасылық үлгідегі балалар ауылында болып, халықтың әлеуметтік осал топтарына: жалғызілікті егде жандарға, жетімдерге, мүмкіндіктері шектеулі балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.

«Көктем - барлық игі істің бастауы. Көктем басталғалы полиция қызметкерлері елуге тарта мекенжайға барып қайтты. Халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек тек мерекеде ғана емес, басқа уақыттарда да көрсетілетінін атап кеткен жөн. Көптеген бөліністер өздері бастамашылық танытып, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп жатыр. Аудандық бөліністер де бұл істен шет қалған жоқ. Жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартуға көмектесіп жатыр», - дейді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.


Соңғы жаңалықтар