СҚО-да полицейлер екіқабат әйелді ауруханаға апара жатқан тұрғынға көмектесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында екіқабат әйелді ауруханаға апара жатқан ауыл тұрғынының көлігі сынып, оларға патрульдік полицейлер көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тайынша ауданында кезекшілікте жүрген патрульдік полиция қызметкерлері түс кезінде жол шетінде тұрған көлікті көрген. Ақжар ауданынан шыққан жолаушылар Көкшетауды бетке алыпты. Алайда «Көкшетау-Омбы» автожолының Чкалов және Ильичевка елді мекендерінің аралығында көлік сынған.

«Volkswagen Golf автокөлігінде жүргізушіден басқа тағы төрт жолаушы болды: екі әйел, бала және 22 жастағы аяғы ауыр әйел. Жүргізуші туыстарын Көкшетау қаласына апара жатыр екен. Екіқабат келіншек ауруханада ультрадыбыстық зерттеуден өтпек болған. Алайда орта жолда көліктің дөңгелегі сынып, не істерлерін білмей тұр екен», - дейді СҚО ПД Патрульді полиция батальонының қызметкерлері Асқат Қамалиев пен Станислав Сакс.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісін Чкалов елдімекеніндегі шиномонтаждау шеберханасына жеткізіп, қажетті қосалқы бөлшекті алуға көмектеседі. Кейін көлікті жөндесіп, көрші облыстың шекарасына дейін шығарып салады.


«Жолда қалған жүргізушілерге біздің қызметкерлер жиі көмектесіп тұрады. Сондай оқиғаның бірі биыл мамыр айында болды. Қаладан келе жатқан балалары бар шағын автобус өрттеніп, тәртіп сақшылары оларды дер кезінде көліктен шығарып алды. Шілде айында Петропавл қаласының маңында саңырауқұлақ теріп жүрген ер адамның жағдайы нашарлап, патрульді полиция қызметкерлері оны жедел түрде ауруханаға жеткізді. Мұндай оқиғалар полицейлердің күнделікті жұмысында жиі кездеседі. Бірақ біздің қызметкер оны өздерінің міндеті деп біледі», - дейді СҚО ПД Патрульді полиция батальоны командирінің орынбасары Рустем Испердинов.

Соңғы жаңалықтар