СҚО-да полицейлер бір отбасын өрттен құтқарып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер өрт шыққан үйден отбасын шығарып, жалынның таралуына жол бермеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының орталығындағы үйлердің біріне жапсарлас салынған қорадан түнгі сағат 3.30 шамасында өрт шыққан. Қалың ұйқыдағы қаланың үстіне үйірілген түтінді полицияның кешенді күштері құрамында патрульде жүрген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Алтынбек Омаров, Мирас Қорланов мен Таирқан Шәріпов байқап қалады. Олар бірден аудандық полиция бөлімінің кезекшілеріне және өрт сөндіру қызметіне оқиға жайлы хабарлап, өздері тұрғындарға көмекке ұмтылады. Қоршаудан секіріп түсіп, терезені қағып, үй ішіндегі ерлі-зайыптыларды оятқан. Бес минут ішінде жақын маңда жүрген тағы екі жасақ көмекке келген. Өрт сөндірушілер келіп жеткенше тәртіп сақшылары және үй иелері тізбекпен тұра қалып, құдықтан шелектеп су құйып өрттің таралуына жол бермеген. Өртенген қорадағы тауықтар өліп қалған, басқа мал аман, тұрғын үйге зақым келген жоқ. Кешікпей келіп жеткен өрт сөндірушілер өртті сөндірді.

«Өртті ауыздықтауға Ерлан Ысмайылов, Қуанышбек Темірбеков, Әнуар Кенжалинов, Алмаз Молдашев пен Айтпай Рахметов қатысты. Кезекшілікке түсетін полицияның кешенді күштері құрамына патрульдік полицейлерден өзге учаскелік полиция инспекторлары және басқа бөліністердің қызметкерлері кіреді. Олардың барлығы дағдарыс жағдайында жақсы даярлықтарын, жедел әрекет етіп, шешім қабылдай алатындықтарын көрсетті», - дейді Тайынша ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Арғын Аманбаев.


Соңғы жаңалықтар