СҚО-да полицейлер адасып кеткен ресейлік жүргізушіні құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары жолда қалған ресейлік жүргізушіге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей Федерациясының азаматшасы 1 қаңтардан 2 қаңтарға қараған түні өз автокөлігімен Айыртау ауданында адасып кетеді. Ол Ғ.Мүсірепов ауданындағы Рузаевка елді мекеніне қонаққа шыққан екен. Ресейлік телефон нөмірінен жүргізуші тек «112» нөміріне ғана хабарласа алып, ондағы операторлар «102-ге» таңғы сағат 5.30 минутта ақпаратты берген.

«Ресейлік азаматша өзінің қай жерде тұрғанын түсіндіріп айта алмады. Тек таңғы сағат 8.00-дер шамасында ғана өтіп бара жатқан жүк көлігінің жүргізушісі әйелдің Арықбалық елді мекенінен 10 шақырымдай жерде тұрғанын айтты. Арықбалық ауылдық округінің учаскелік инспекторы жергілікті ЖШС барып көмек сұрап, тракторшымен бірге оқиға орнына жетті», - деді Айыртау аудандық полиция бөлімінің басшысы Абылғазы Габдуллин.

Трактор жүргізушісі жолды ашып, ресейлікті аудан орталығы Саумалкөлге дейін шығарып салды. Полицейлер әрі қарай көлік жүргізушісіне Ғ.Мүсірепов ауданына жол сілтеп жіберді.

Мереке күндері СҚО-да 140-тан астам полицей, яғни патрульді полицияның 40 экипажы және 30 жаяу жасақ кезекшілік етеді. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, азаматтарға көмек береді. Мерекенің алғашқы күндері тәртіп сақшылары қар құрсауында қалған ондаған адамға көмек көрсетті.


Соңғы жаңалықтар