СҚО-да полицей өртенген үйден үш адамды құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылында полиция сержанты Бауыржан Сұрыпкелов отқа оранған үйден анасы мен екі баласын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауылдағы үйлердің бірі кеше кешке өртке оранған. Жалын моншадан шығып кейіннен үйге жалғасқан. Үйде отағасын әйелі, 10 жастағы қызы мен 4 жасар ұлы күтіп отырған. Іштегілер соңғы уақытқа дейін жағдайларының мүшкіл екенін сезбеген.

«Жамбыл аудандық ІІБ кезекшісінің 24 жастағы көмекшісі, полиция сержанты Бауыржан Сұрыпкелов көрші үйде түтіннің шығып жатқанын байқап қалған. Бұдан кейін құқық қорғаушы жедел түрде өрт сөндірушілерге хабар беріп, Владимир Храмов атты көршісімен бірге отбасын үйден алып шыққан. Осы кезде ауылдастар өртенген үйдің маңына жиналып, су тасып, тілсіз жаудың үйді шаршып кетуінің алдын алған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды біржолата сөндірді», - делінген хабарламада.

Қауіптен аман қалған отбасы мен ауылдастары Бауыржанға алғысын айтып жатыр.

«Менен гөрі көршіміз Владимир Александровичті батыр деу керек. Бірге жүріп, дер кезінде қауіптің бетін қайтаруға күш салды. Ал мен иықтағы шенім ең алдымен адамдарға көмек беру үшін тағылғанын ұмытпаймын», - дейді Бауыржан Сұрыпкелов.

Бауыржан Сұрыпкеловтың тәртіп сақшылығында жүргеніне бар-жоғы 3 жыл ғана болған. Әріптестері Бауыржанның жауапкершілігі мол екенін айтады.

Соңғы жаңалықтар