СҚО-да «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Парасатты отбасы» байқауының өткізілуіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Білім басқармасы мұрындық болды. Онлайн өткен байқауға қатысушылар бейнероликтер түсіріп жіберді. Жалпы өңірдің барлық аудандарынан 48 отбасы қатысты.

«Біздің мақсатымыз – отбасылық қатынастарды нығайту және оның құндылықтарын насихаттау арқылы бала кезінен сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін, парасатты тұлғаны қалыптастыру. Қатысушылар парасаттылық, адалдық қағидаттарына негізделген отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тану деңгейін көрсететін бейнероликтер ұсынды. Мұндай іс-шараларды өткізу отансүйгіштік сезімді дамытуға жақсы әсер етеді, өйткені Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Нәтижесінде Шал ақын ауданының өкілдері - Даниловтар отбасының шығармашылық жұмысы жоғары бағаланды. Бұл отбасының төрт мүшесі бар. Олар әділдік, адалдық туралы айтатын бейнебаянды әзірлеуге төрт күндерін жұмсапты. Ал екінші орынды қала тұрғындары – көпбалалы Ибраевтар отбасы және үшінші орынды Тимирязев ауданының тұрғындары – Лобановтар отбасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаз үш отбасы мүшелерінің балалары «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды.


Соңғы жаңалықтар