СҚО-да пара алған басқарма басшысы мен оған пара берген адам да жазаланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 200 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған денсаулық сақтау басқармасы бастығына қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунікке пара беруші де жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотында пара алды деп күдіктелген Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қабдрахман Сақтағанов пен оған пара берді деп ұсталған «Денсаулық» жеке коммерциялық емес мекемесінің директоры Айнагүл Қарабаеваның ісі қаралып, соңғы нүктесі қойылды. Медицина қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен осыдан шамамен бір ай бұрын ұсталғанымен, істің мән-жайы осы күнге дейін белгісіз болып келді.

Параның мөлшері – 200 мың теңге. «Денсаулық» мекемесінің директоры осыншама қаражатты басқарма басшысының кабинетіне апарып берген. Тергеу барысында бұл қаражаттың оң шешім қабылдануы үшін ұсынылғаны анықталды. Қарабаева мекемесіне жаңадан келген үш жас маманға осылайша әлеуметтік төлем жасатпақ болған. Өйткені мәслихаттың шешімімен үстемақы тек мемлекеттік мекемелерге орналасқан мамандарға ғана тиесілі.

«Мекеме директоры басқарма бұл мәселені шешуде қолдау көрсетуі үшін хат жазған. Кейін мәселе оң шешілуі үшін Сақтағановтың кабинетіне келіп, жұмыс папкаларының біріне 200 мың теңге салынған конвертті салған және оны өзінің заңға қайшы әрекет жасап жатқанын ескерткен. Сақтағанов конверттен 200 мың теңге көлеміндегі ақшаны алып, оны өз әмиянына салған, осылайша өз меншігіне айналдырды», - дейді СҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры Асылбек Қоңыратов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқарма басшысын сол күні үйіне келгесін ұстады. Пара алушы да, оны беруші де өз кінәсын мойындады.

Петропавл қалалық сотының судьясы Динара Байзақова Қабдырахман Сақтағановке 5 млн 807 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды. Бұған дейін үй қамақта отырған экс-шенеунік ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылды. Ал Айнагүл Қарабаеваға 4 млн теңге айыппұл салынды. Екеуі де өмір бойына лауазымды қызметке орналасу құқықтарынан айырылды.

Қабдрахман Сақтағанов ведомствоны 2010-14 жылдар аралығында басқарды. Екінші рет былтыр шілде айында тағайындалған еді.



Соңғы жаңалықтар