СҚО-да өзіне тиесілі аумаққа бейжай қарағандар жазаланады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі аумағын шөп басқан ұйымдардың басшыларына соңғы ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында елді мекендерді және Петропавлды абаттандыру мәселесі талқыланды. СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Құмар Ақсақалов өзіне тиесілі аумақты жөнге келтірмеген жекеменшік және мемлекеттік органдарды қатты сынға алды.

«Облыс орталығында белуарға дейін шөп өсіп тұр. Тұрғын үй кооперативтері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйымдар іс-әрекет жасауға құлық танытар емес. Петропавлда шөп шабатын жұмысшылардың саны аз. Ал қалада 1500 нысан бар. Коммуналдық қызметтер жолдан тротуарға дейін абаттандырады, ал тротуардан үйге дейін жауапкершілік үй иелері немесе кәсіпкерлердің мойнында», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі құрылыс және жөндеу жұмыстары кезінде қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Әлеуметтік желілердегі тұрғындардың белсенділігі өңір басшысын қуантып отыр.

«Петропавлдықтар әлеуметтік желі арқылы жіберілген қателіктерді көрсетіп отырады. Бұл дұрыс, біз оған құлақ аса білуіміз керек. Тұрғындар мониторингке тартылса, қоғамға пайдасы тиеді. Сол себепті құрылысшылар бірден сапалы жасасын. Кепілдік мерзімін ұлғайту керек. Зертханалар арқылы құрылыс материалдарының сапасын тексеру қажет. Жауапкершілігі төмен мердігерлерді «қара тізімге» енгізген жөн», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар