СҚО-да өткен праймеризде 25,9 мың адам дауыс берген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында партия ішіндегі сайлаудың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, праймеризге қатысқан үміткерлерге солтүстікқазақстандық нұротандықтадың 91,2% , яғни 25 989 адам дауыс берді. Олардың 18 мыңнан астамы таңдауын онлайн жасаса, партияның 7,5 мыңнан астам мүшесі сайлау учаскелеріне келіп, бюллетеньдер бойынша дәстүрлі түрде дауыс берді.

«Жалпы облыста партияның 14 филиалы бойынша 200 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Петропавл қаласы және әрбір аудан бойынша дауыс беру нәтижелерімен «Nur Otan» партиясының сайтында және primaries.kz сайтында танысуға болады. Барлық қағаз бюллетеньдер есептеліп, 5 қазан дүйсенбіде орталық ұйымдастыру комитетіне жеткізілді», - дейді «Nur Otan» партиясы СҚО филалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.

Учаскелердегі жұмысты ұйымдастыру комитетінің, партиялық бақылау комиссиясының өкілдері және партия мүшелері бақылады. Дауыс беру кезінде партиялық бақылау комиссиясына 3 шағым түсті.

СҚО бойынша праймеризге 632 адам қатысты. Оның ішінде 40% - әйелдер, 26% - 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлер қатарында 11 көпбалалы ана, 5 мүмкіндігі шектеулі жан болды. Қатысушылардың 45% білім және ғылым саласынан, 12,6% - шағын және орта бизнес және 10,7% - ауыл шаруашылығы саласынан.

Үгіт-насихат жүргізуге барлық үміткерлерге тең мүмкіндік берілді. Кандидаттар сайлаушылармен 6,5 мыңға жуық кездесу өткізіп, 123 500 адамды қамтыды.

«Қоғамдық пікірталас ерекше қызығушылық тудырды. Тікелей эфирлер арқылы 100-ден астам пікірсайысты онлайн режимінде 10 мыңға жуық адам қарады. Қатысушылардың әрқайсы өзекті - денсаулық сақтауды, білім беруді, туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, тұрғын үй құрылысы, абаттандыру секілді мәселелрді қозғады. Өкінішке орай, кей кандидаттар белгілі себептер бойынша пікірталастарға қатыса алмады. Дебаттан бас тартқан 9 үміткер жарыстан шығарылды», - деді Әсем Рахметова.

Енді партияның қалалық және облыстық филиалдарының конференцияларында аудандық және қалалық мәслихаттардың сайлауына ұсынылатын партиялық тізімдер бекітіледі. Сол жерде облыстық мәслихат пен Парламент Мәжілісіне кандидаттар арасында пікірсайыс өтеді. Содан кейін жасырын дауыс беру арқылы делегаттар облыстық мәслихаттар мен Парламент Мәжілісінің сайлауына ұсыну үшін кандидаттарды таңдайды.


Соңғы жаңалықтар