СҚО-да өткен облыстық айтыстың бас жүлдесін Мұхаммед Қоңқаев алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында өңірдің 18 ақынын бас қосқан Тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай «Қызырлы Қызылжар – құт бесік» атты облыстық айтыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, облыста осындай ауқымды айтыс соңғы рет 2016 жылы өткен екен. Бұған дейін сахнаға шығаруға айтыскер ақын таппай қиналатын ұйымдастырушылар бұл жолы ұлттық ән-жырымызды дәріптейтін көрерменнің көңілін тапты. 9 жұп төл өнерге шөлдеген халықтың құлақ құрышын қандырды.

«Облыстық ақындар айтысын өткізу үшін көрші өңірлерден ақындар шақыратынбыз. Көп болса облыстан 4-5 ақын ғана сахнаға шығатын. Алғаш рет осылайша 18 ақынымыз өнер көрсетті. Тағы бір ерекшелігі, бұл жолы төрт буын өкілі айтысты. Суырып салма ақындарымыздың ең жасы 15-те болса, ең үлкеніміз – 60 жаста», - дейді айтыскер ақын, жыр додасын ұйымдастырушы Жарқын Жұпархан.

Сахнаға шыққан ақындар халықтың көкейінде жүрген әттеген-айларды дөп басып айтып, қолдау-қошеметке бөленді, әзіл-қалжыңды да ұмытпай, жұртты күлкіге көмді.

18 ақынның ішінен айыртаулық Мұхаммед Қоңқаев, есілдік Жұмабек Рақымов, петропавлдық Қайырлы Ғафуров және Мамлют ауданының атынан айтысқа түскен ақын қыз Нұргүл Оқашева суырылып алға шығып, бас жүлдені бөліске салды. Нәтижесінде Дәуқара ауылының тумасы, тәжірибелі ақын, 24 жастағы Мұхаммед Қоңқаев үздік атанып, 300 мың теңгені иеленді.

«Өте қуаныштымын. Жақында Жүрсіннің жүйріктерінің қатарына қосылып, өңіріміздің намысын қорғасам деген ойым бар», - дейді облыстық ақындар айтысының жеңімпазы Мұхаммед Қоңқаев.

Бірінші орын мен 200 мың теңге жүлдені Есіл ауданының тумасы Жұмабек Рақымов, 2-орын мен 150 мың теңгені ақын Нұргүл Оқашева жеңіп алды. Үшінші орын петропавлдық ақын Қайырлы Ғафуровқа бұйырды.

Жемқорлық мәселелерін үздік жырлаған айтыскерге - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінен арнайы сыйақы тағайындалды. 100 мың теңгенің сертификаты Қызылжар ауданының ақыны Аманжол Зағыпарға берілді.

Арнайы жүлде – 80 мың теңгеге бес ақын: Абзал Жұмабек, Өзбек Тастамбеков, Жантілеу Рақымов, Мақсат Серік, Қуаныш Оспанов лайық деп танылды. Бұдан басқа қатысқан барлық ақындарға ынталандыру жүлдесі табысталды.

Соңғы жаңалықтар