СҚО-да өткен көрмеге Абылай ханға, Үкілі Ыбырайға қатысты құжаттар қойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында «Солтүстіктің қазынасы: бірегей мұрағаттық құжаттардағы тарих» атты көрме өтіп жатыр. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырған көрмеге көптеген тарихи, соның ішінде Абылай ханға, Үкілі Ыбырайға қатысты бірегей құжаттар қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрме бес бөлімнен тұрады: «Тәуелсіздік туын көтерген Абылай хан», «Тарих тұлғалары», «Петропавлдың тарихы сәулет ескерткіштері фотосуреттерде», «Қызылжардың ұлт зиялылары» және «Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері».

Көрмеде жұрт назарына ұсыныла бермейтін аса құнды құжаттармен танысуға болады. Соның бірі - Абылай ханның Қытай императорына жазған хатының көшірмесі. Облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Абылай хан Цяньлунға сәйгүліктерді сыйға тартып, ұсақ малдарды сатуға рұқсат сұраған екен. Бұл құжат Бейжіңнің №1 архивінен әкелінген.

«ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова Парижде италиялық қылқалам шебері Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың ат сыйлауы» атты суретін көреді. Ол кезінде сарай суретшісі болған екен. Осы суретке Абылай ханның сыйлығы негіз болуы мүмкін деп жорамалдаймыз», - дейді Сәуле Мәлікова.  

Көрмеге сондай-ақ, тарихи аса құнды құжаттар - Абылайды хан ретінде бекіту патенті, Абылай хан резиденциясының жоспары, Үкілі Ыбырайдың Бостандық туы газетіне жазған «Абылайдың ақ үйі» атты өлеңінің түпнұсқасы қойылған.

Фотоқұжаттардан 1894 жылы 11 шілдеде Петропавл стансасына Транссібір теміржолы арқылы алғашқы пойыздың келгенін және Петропавл - Көкшетау теміржолының құрылысын көруге болады.

Көрме қарашаның 15-іне дейін жұмыс істемек. 

Соңғы жаңалықтар