СҚО-да отбасы шырқын бұзған 600-ден астам адам анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын ақ ленталар таратудан бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр. Өңір полицейлері көшелерде, сондай-ақ ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында тұрғындарға ақ ленталар, балалардың суреттері мен буклеттер таратты. Облыстық және қалалық полицияның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлініс қызметкерлері осылайша петропавлдықтарға отбасында зорлық-зомбылық фактілері болған жағдайда жасырмауды ерекше форматта түсіндірді.

Бұл акция «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атауымен алғаш рет 30 жыл бұрын Канадада өткізілген. Әйелдерге қатысты ерлердің зорлық көрсетулерін тоқтату мақсатында, мыңдаған канадалықтар қолдарына ақ матадан лента байлап шыққан. Содан бері бұл акция жылда әлем елдерінде атап өтіледі.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін өткізіледі. Басты мақсат – отбасындағы проблемаларға шыдауға болмайтынын, көмек сұрап, кеңес алу үшін полицейлерге, «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігіне, психологтарға жүгіну қажеттілігін халыққа жеткізу.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, жыл басынан отбасы шырқын бұзған 2391 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 617-сі әкімшілік қамауға алынған. Отбасылық жанжалқойларға қатысты екі мыңнан аса қорғау ұйғарымдары шығарылып, 166-ы жауапқа тартылды.

Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналсаңыз тұрғылықты мекенжай бойынша полиция бөліміне шұғыл түрде жүгінуге немесе «102» арнасына қоңырау шалуға болады. Облыс орталығының тұрғындары: 8 (7152) 39-48-56; 61-25-30 телефондары арқылы немесе App Store және Google Play арқылы жүктеп, ІІМ-нің «102» ресми қосымшасын пайдалана алады. Сонымен қатар, Петропавл қаласы полиция басқармасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелеріне арналған «Между нами говоря» @t.me/mejdunamigovory Telegram-каналы жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар