СҚО-да өрт қаупі басым маусым басталғалы 300-ден астам шақырту түскен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өрт қауіпті маусымы басталғалы өрт сөндірушілерге тыным жоқ. Бір айдың ішінде кепкен шөп, қамыс, қоқыстың жануына қатысты 300-ден астам шақырту түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктем-жаз уақытында тіркелетін өрттердің тек 5-10% ғана өздігінен тұтнудан немесе жай түсуден болады. Қалған уақытта орман, дала, алқап өрттері адамдардың бейғамдығынан, жауапсыздығынан туындайды екен.

Өңірде өрт қауіпті кезең 12 сәуірден басталды. Осы аралықта өрт сөндірушілер 300-ден астам шақыртуға барған. Орман, аңшылық шаруашылықтардың жұмысшыларымен 8 орман өрті сөндірілді.

«Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. 2 мамыр күні Желяково елді мекені маңында кепкен шөпті жағудың салдарынан жалпы аумағы 224 шаршы метр болатын 3 тұрғын үй, шамамен сонша аумақты алған бос тұрған 3 үй және 501 шаршы метр қора-қопсы жанып кетті. Дауылдың салдарынан күшейген өртті сөндіру үшін 7 сағат жұмсадық. Ерікті өрт сөндіру құрылымдары, жергілікті атқарушы орган өкілдері көмекке келді. Ауылдың басқа үйлеріне тарауға жол бермедік», - дейді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.

Сөндірілмеген темекі тұқылы мыңдаған гектар орман алқабын күлге айналдыруы мүмкін. Сол себепті мамандар табиғат аясына демалысқа шыққанда қарапайым ережелерді ұмытпауға шақырады.

«Отты желді күні, өрт қауіпті орындарда және жас қылқан жапырақты ағаш өскен жерлерде жағуға болмайды. От жағатын орынды алдын ала түрлі қоқыстан, шөптен тазартып алған жөн. Отты үнемі бақылауда ұстау керек. Демалыс орнынан отты сөндіргеннен кейін және оның сөнгеніне 100 % көз жеткізіп барып кету қажет. Ал өрт шыққан жағдайда оны бірден сөндіруге тырысып, болмаған жағдайда орман шаруашылығына, өрт сөндірушілерге немесе жергілікті атқарушы органға хабар берген жөн», - дейді Дмитрий Растихин.

Соңғы жаңалықтар