СҚО-да орман өрті екі есе жиілеп, биыл 700 га астам алқап жанып кетті

Фото: Иллюстрациялық фото
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы 726 га аумақта 22 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60%-ға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, өңірде жыл басталғалы 316 өрт тіркелген. 27 адам, соның ішінде 2 бала мерт болды. Тағы 5 адам жарақаттанса, 13 адам иіс тиіп уланған. Ал, материалдық шығын - 266 млн теңге.

«Өрттің басым бөлігі – 77%-ы жеке тұрғын үй секторында болған. Пешті дұрыс қолданбау, электр қондырғыларын орнату, техникалық пайдалану ережелерін сақтамау және отты абайламай жағудан. Биыл маусым басталғалы орман өрті көбейген. Былтыр осы уақытқа дейін 31,7 га орманды алқапта 14 өрт тіркелсе, биыл 22 өрт шықты, 725,8 га алқап зақымданды, яғни 23 есе өскен. Кінәлілерді анықтау үшін материалдар полиция департаментінің бөлімшелеріне берілді», - дейді Дмитрий Растихин.

Дала өрті де жиі шығатын болған. Былтыр 34 тіркелсе, биыл мамандар 45 рет өрт сөндіруге барған.

«Облыс бойынша 50 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар 38 мың тұрғыны бар 150 елді мекенді өрттен қорғап отыр. Бұдан басқа 400-ден астам ерікті өртке қарсы құрылымдар бар. Олардың көмегімен биыл 28 дала өрті дер кезінде сөндірілді. Ал, 4 өртті осындай құрылымдар өздері сөндіріп алды», - дейді ведомство басшысының орынбасары.

Өрт шығу қаупі жоғары аймақтарды бақылауда ұстау үшін СҚО әкімдігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ 6,5 млн теңгеге келісімге отырған. Жалпы, жыл басталғалы 408 рейд өткізіліп, 109 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 63-і ескерту алса, 46 құқық бұзушы жалпы сомасы 1 млн 355 мың теңгенің айыппұлын төледі.

Бұған дейін СҚО-да 25 мамыр күні жоғалған ер адамның денесі табылғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар