СҚО-да оннан астам аялдаманы зақымдаған үш адам ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережесін бұзған 7111 адамға әкімшілік жаза кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Омбы айналма жолынан Петропавл қаласының шекарасына дейін 13 аялдама павильоны орнатылған. Оның тек екеуі ғана ескі, қалғандары жаңа үлгіде әйнектен жасалған. Бұзақылықтың және абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында сол аумақтың учаскелік инспекторлары рейд өткізді. Тексеріс барысында 5 аялдама павильонына зақым келгені анықталды. Олардың барлығы саяжай учаскелерінің маңында орналасқан.

«Қала орталығынан алыс орналасқанына қарамастан бұл жерден адамдар мен көлік көп өтеді. Борки, Солнечный, Новопавловка кенттері орналасқан, бұдан басқа саяжай учаскелері, зират бар. Халық Есіл жағалауына демалу үшін де жиі келеді. Көпшілігі артынан қоқысты жинап жүрмейді. Салдарынан жол бойы шашылған тұрмыстық қалдықтарды көреміз. Осыған орай қалалық әкімдікке жол бойына қажетінше контейнерлер қою жөнінде жедел ақпарат жіберілді», - дейді тәртіп сақшылары.

Петропавл қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағанбетовтың мәліметінше, қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі айтылған аумақтағы қоқысты жинатты. Қалыпқа келген шеткері ауданның ендігі санитарлық жағдайы тікелей тұрғындарға байланысты.

Учаскелік инспекторлар алдағы уақытта да ұсақ бұзақылық пен абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында рейдтер өткізбек.

«Жыл басынан облыс орталығында 14 аялдама павильонына зақым келді. Осы құқық бұзушылықтарға қатысы бар үш адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Айдын Ақмағанбетов.

Жалпы, биыл СҚО-да абаттандыру ережесін бұзған 7111 адамға әкімшілік шара қолданылған.

Соңғы жаңалықтар