СҚО-да онкологиялық аурулармен күреске 2,8 млрд теңге жұмсалмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қатерлі ісік дертімен күреске 2,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4 ақпан – Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Онкологиялық аурулар әлеуметтік мәні бар аурулардың тізіміне кіретіндіктен, осы санаттағы науқастарды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл қызмет медициналық қызметтер пакетін сатып алатын медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 2020 жылы өңірде онкологиялық ауруларға көмек көрсетуге, оның ішінде сәулелік терапия, химиотерапия, онкологиялық бағдарлама шеңберінде көмек көрсетуге және онкогематологиялық науқастарға көмек көрсетуге 2,8 млрд теңге бөлінді.

Онкологиялық аурулардың басым бөлігін скринингтік зерттеулердің арқасында ерте кезеңде анықтауға болады. Мысалы, сүт безінің қатерлі ісігі бастапқы кезеңде анықталған жағдайда науқастардың 94% толық жазылады. Емдеу шығындары 200 есеге қысқарады.

30 жастан бастап жыл сайын тегін скринингтік тексеруден өту қажет. Қазіргі уақытта қатерлі ісікке скринингтің үш түрін тегін өтуге болады. 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны обырына тексеріледі. 40-70 жастағылар маммографиялық тексеруден өтеді. 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер тоқ ішек және тік ішек обырына тексеріледі.

Мамандардың сөзіне қарағанда, жатыр мойны обыры әйелдерде кездесу жиілігі бойынша екінші орында тұр. Егер 2018 жылы жатыр мойны обыры 51 әйелде анықталса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 73-ті құраған. Олардың 13-інде қатерлі ісік ерте сатысында анықталды.


Соңғы жаңалықтар