СҚО-да оқушылар үйде отырып мектепте футбол ойнай алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мектеп оқушылары өз мектептерінің виртуалды дәл көшірмесін жасап шықты. Осылайша олар білім ордасына жаңадан қабылданған, алайда карантиннің салдарынан үйде оқуға мәжбүр ізбасарларына нысанды таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Бұл - Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушыларының жобасы. Олар өздері оқитын мектептің «құрылысына» екі ай жұмсаған. Сол үшін Minecraft платформасын қолданған.

«Жобаны бірнеше адам бірігіп жасадық. Әрқайсымыздың өз міндетіміз болды. Мен сервердің теңгеріміне жауап бердім. Нәтижесі ойдағыдай болды. Бұл виртуалды мектеп арқылы біздің шынайы мектеппен танысуға болады. Өйткені барлығы асқан дәлдікпен жасалған. Мұнда спорт алаңына дейін бар. Әр бала үйіндегі компъютер арқылы қосылып, футбол, волейбол сияқты ойындарды бірге ойнай алады», - дейді 10 сынып оқушысы Арлан Мұхамеджанов.

Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі 720 орынға шақталған. Ауданы 15 мың шаршы метр. Оқу блогында ғана 60-тан астам кабинет бар. Балалардың назарынан олардың ешқайсысы тыс қалмады, тіпті ғимараттағы жиһаздар да қаз-қалпында берілген.

«Мектеп биыл 7-сыныпқа 140 оқушыны қабылдады. Алайда карантинге байланысты бұл балалар мектеппен таныса алмады. Сондықтан Minecraft платформасында білім ордасының виртуалды нұсқасын жасап шығардық. Оңай болған жоқ. Математикалық және ойлау қабілетін қажет етеді, дамытады. Бәрінен де ғимараттың іргетасын қалау қиынға түсті. Компъютерде әр кірпішті өз орнымен қалау керек. Авторлар мектептің ішіне көп уақыт жұмсады. Балаларға бұл ойын жақсы таныс. Мен олардың берген қарапайым тапсырмаларын орындап, қолғабыс еттім», - дейді мектеп директоры Данияр Уәлиев.

Виртуалды мектептің алғашқы қонақтары 7-сынып оқушылары болды. Олар саяхат жасап, квест ойынына қатысты.

Бүгінде оқушылар СҚО-дағы киелі жерлердің виртуалды көшірмесін жасауға кіріскен. Қазір Айыртау ауданындағы Айғаным қонысы бойынша материалдар жинап жатыр.


Соңғы жаңалықтар