СҚО-да оқуға түсірем деп 200 мың теңге пара алған оқытушы сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтің қатысуымен өңір активінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Асқат Жұмағалидің айтуынша, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа ерекше мән беріледі. Өйткені ол кейін ірі көлемдегі параға негіз болады.

«Жедел ақпаратты және азаматтардан түсетін өтініштерді талдап-саралай келе жол полицейлерінің пара алу мүмкіндігі жоғары екенін анықтадық. Петропавлда 80 мыңға жуық автожүргізуші бар. Күнделікті кезекшілікке 35 автопатруль экипажы шығады. Біздің шамалауымызша, жылына бір рет болсын әрбір 10 жүргізушінің 9-ы жолдағы жемқорлыққа ұрынады. Жедел іс-шаралар бұл болжамымызды растады. Пара алуды дағдыға айналдырған жол полицейлерінің қылмысы әшкереленді. Қазір қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Олар өз кінәсін мойындады. Жақында іс сотқа жіберіледі», - деді Асқат Жұмағали.

Пара берген жүргізушілер де жауапкершілікке тартылды. Олар жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ айыппұл төледі.

«Егер пара бермей айыппұлды төлегенде, мұның бәрі болмас еді, әрі бір аптаның ішінде төлесе, айыппұлдың мөлшері екі есе азаяды. Осы іске қатысты біздің ұсынысымыз қаралды. Полицияның 15 қызметкері жазаланды. Олардың тікелей бастықтары жұмыстан шығарылды. Патруль полициясының сержанттық құрамын офицерлікке ауыстыруы - дұрыс шешім. Олардың еңбекақысы өсіп, пара алу мүмкіндігі төмендеді», - дейді Асқат Жұмағали.

Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы үш жылда заңбұзушылықтың 12 фактісін тіркеді. Былтыр Әскери институтта, биыл медициналық колледжде анықталды. Ұлттық бюро департаменті басшысының айтуынша, 200 мың теңгеге оқу орнына түсірмек болған оқытушыға жаза кесілді. Колледждің басшысы мен басқа қызметкерлеріне қатысты пара алу дерегі бойынша іс аяқталып, жақында сотқа берілмек.

Ұлттық бюро департаментінде балалар алаңының құрылысына қатысты оқиға тексерілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке «Жаса» ЖШС жетекшісі арызданған. Былтыр қазан айында қалалық әкімдіктің өкілі кәсіпкермен 4,7 млн теңгеге балалар алаңын салу туралы келісімге отырған. Мердігер өз жұмысын уақытында орындағанымен тиісті еңбекақысын алмаған.

«Шенеунік бюджетте қаражат болмаса да, қаржы мекемесінде тіркелмесе де, келісімшартқа отырып, заңды өрескел бұзған. Яғни, кәсіпкерді алдаған. Әкімдік қызметкері осы жағдайға байланысты жарытып ештеңе айтпай, түсінік беруден бас тартты. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - дейді департамент басшысы Асқат Жұмағали.

Соңғы жаңалықтар