СҚО-да оқу жылы басталғалы COVID-19 жұқтырған 56 бала анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы басталғалы балалар арасында коронавирусты жұқтыруға қатысты 56 жағдай тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің өкілдері аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты брифинг өткізді.

Мамандардың айтуынша, өңірде коронавирусқа қатысты жағдай күрделі. Солтүстік Қазақстан облысы қайтадан «қызыл аймаққа» кірді. Тек өткен аптада облыста аурудың 61 жағдайы тіркелді. Соның 18-і Петропавлға тиесілі. Уәлиханов ауданында ауырғандар саны күрт артып, бірден 11 адамда анықталған.

«Жасыл аймақтан» екі-үш күннің ішінде «қызыл аймаққа» кірдік. Оның басты себебі – карантин талаптарын орындамау. Маска тақпау, арақашықты сақтамау. Мониторинг топтары күнделікті тексеруге шығып, тығылып той өткізіп жатқандарды анықтайды. Туған күн, үйлену тойы, құдалық – халықты жинап, ойын-той өткізудің қауіпті екенін айтсақ та, айыппұл салсақ та тоқтау жоқ. Петропавлдың жабылғаны да ешкімге кедергі емес», - дейді Петропавл қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Әсет Жұматаев.

COVID-19-ды жұқтыру балалар арасында да артқан. Жаңа оқу жылы басталғалы вирус 56 балада тіркелген. Оның жартысына жуығы білімді қашықтан алған. Балабақшаға кезекші топқа барған екі бүлдіршіннен де коронавирус анықталып отыр. Ал ұстаздардың 5-уі қауіпті ауруды жұқтырса, олардың барлығы қашықтан жұмыс істеген.


Соңғы жаңалықтар