СҚО-да «Nur otan»-ның сайлауалды уәделерінің орындалуын қоғамдық кеңестер бақылайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуын бақылайтын қоғамдық кеңестер құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының бағыттарын іске асыру жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамы бекітілді.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 өңірлік кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, партия жақтастары, белсенділер, сарапшылар, блогерлер, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері кірді. Бұдан басқа, Петропавлда және облыстың 13 ауданында 141 аумақтық кеңес құрылды. Жалпы, кеңес құрамына 800-ден астам адам кірген.

Олар сайлауалды бағдарламаның өңірлік даму, экология, аграрлық сектор, экономика және кәсіпкерлікті қолдау, Ұлт денсаулығы, білім және ғылым, жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарды қолдау, мәдениет, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері, жастарды қолдау бағыттары бойынша іске асырылуын бақылаумен айналысады.


«Nur Otan» партиясы өңірлік филиалының төрағасы, СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, кеңестердің жұмысы қоғамдық пікірді ескере отырып, ашық форматта құрылған. Яғни кеңестер өткір әлеуметтік мәселелер мен кез-келген азаматтық бастамаларды жария талқылау үшін ашық.

«Жыл соңына қарай мемлекеттік органдардың басшылары сайлауалды бағдарламаны қалай іске асырғаны туралы баяндайды. Сондықтан барлық кеңестер жыл бойы бұл мәселені қатаң бақылауы керек. Бізде 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бар, оның аясында сүт фермалары, бордақылау алаңдары, құс фабрикалары салынады, елді мекендерде мектептер, медициналық нысандар қайта құрылады, кентішілік жолдар мен су желілерін жөндеу жалғасады. 5 жыл ішінде 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады, көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасады. Өңірде Nazarbayev University қағидаты бойынша жұмыс істейтін жаңа жоғары оқу орны, 3 мың орындық үлкен спорт кешені салынады. Кеңес мүшелерінің жұмысы көп, сондықтан тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет», - деді Құмар Ақсақалов.

Бюро отырысында партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын өткізу кестесі бекітілді. Облыстық конференция 13 мамырда, аумақтық конференциялар 23-30 сәуір аралығында өтпек.


Соңғы жаңалықтар