СҚО-да науқастарға диагнозды компьютер қояды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдық дәрігерлер Қазақстанда бірінші болып жасанды ақыл-ой жүйесін енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz сілтеме жасап.

Облыстық ауруханада өкпе патологиясын дәл көрсететін бағдарлама іске қосылды. Енді рентген түсірілімін адам емес, компьютер анықтайды. Анна Голубева жасанды ақыл-ой жүйесін бүге-шүгесіне дейін біледі. Дәрігер бір жыл бойы 6 мың рентген түсірілімін қарап шығып, жиі кездесетін 9 ауру белгісін анықтады. Енді нақты диагнозды компьютер қояды.

«Мысалы, мына бір түсірілімде өкпедегі сары су - 98 процент. Ол ультрадыбысты зерттеу кезінде расталды. Ал дәрігер оны көрмеуі де мүмкін еді», - дейді сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Анна Голубева.

Бұл Қазақстан медицинасына енгізілген бірінші бағдарлама. Цифрландырылған түсірілім дәрігердің компьютеріне бірден түседі. Яғни адам қателігіне жол жоқ.

«Әр емдеу мекемесінде рентгенолог бар деп айта алмаймын. Мысалы, біздің облыстық ауруханада да маман кешкі, түнгі уақытта немесе демалыс күндері болмайды. Ал кезекші дәрігер сәулелік диагностиканы білмеуі мүмкін. Енді бұл мәселе шешілді», - деп атап өтті облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.

Жасанды сана жүйесін жасауға бір тиын да ақша кетпепті. Бұл - дәрігерлер мен IT мамандарының бірлескен жобасы. Енді ол науқастарды қабылдау бөлмесіне де енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар