СҚО-да мұз құрсауында қалған аққу құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы көлде қалып қойған екі аққудың бірін құтқарушылар мұз құрсауынан босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл маңындағы тұзды көлде екі аққудың қалып қойғандығы туралы құтқарушыларға тұрғындар хабарлаған. Алты маманнан тұратын құтқару тобы оқиға орнына барды.

«Қазір көлдің бетіне шығу аса қауіпті. Әдетте мұздың қатқанын күтеміз. Қазір оның қалыңдығы небары 6 см ғана. Кез-келген уақытта ойылып кетуі мүмкін. Арнайы шанамыз бар. Екеуіміз мұз бетіне шықсақ, екі құтқарушы жақын жерде көмек беруге дайын тұрады. Мұндай операция кейде бірнеше сағатқа созылуы мүмкін», - дейді құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Данияр Бәділов.

Құтқарушылар мұз құрсауына қалған екі аққудың біреуін ғана ұстап алды. Екіншісі ұшып кетіп, қамыс арасына жасырынды.

«Жылда осы уақытта жылы жаққа ұша алмай қалған жабайы құстарды құтқарамыз. Былтыр 11 аққуды мұздан алып шықтық. 2017 жылы 16 құсты құтқарған едік. Әдетте кеш өскен, дұрыс жетіліп, қанаты қатайып үлгермеген балапан құстар қалып қояды. Қазір біз бұл аққуды халық арасында «жылы канал» деп аталып кеткен су қоймасына апарамыз. Жылу-электр орталығынан ағып жатқан техникалық су қыс бойы қатпайды. Құстың қыстап шығуына қолайлы. Ал біз оны өз бақылауымызға аламыз», - дейді СҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.

Маманның айтуынша, өңірге жазда 4 мыңнан астам аққу келеді.

Табиғатты қорғаушылар қыс түскенге дейін су қоймаларын бақылауға алып, тобынан қойған құстарды қамқорлыққа алады.


Соңғы жаңалықтар