СҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтажына 1 млрд астам теңге жұмсалмақ

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарды қажетті техникалық құралдармен қамту және оңалту үшін биыл бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждығына жұмсалатын 1 059,7 млн теңгенің 809,8 млн теңгесі республикалық қазынадан бөлінсе, қалған 249,9 млн теңгесі облыстық бюджеттен берілді.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы бұл санатқа жататын адамдар техникалық құралдарға және оңалту қызметтеріне тапсырыс бере алады.

Соның ішінде санаторлық-курорттық ем алу, протез-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші құралдар, арнайы жүріп-тұру құралдарын алу, жеке көмекшінің әлеуметтік көмегі мен ым-ишара тілі маманының көмегіне жүгіну бар.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталын енгізу мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлы.

Енді олар өздеріне қажет тауарлар мен қызметтерді таңдай алады. Жеткізушілер арасында ашық бәсекелестік пайда болғандықтан сапа да артқан, әрі тапсырыс уақытында келетіндіктен арыз-шағым саны да азайып отыр.

Биылдан бастап тиісті заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес құралдарды екі тәсілмен: әлеуметтік қызметтер порталы және мемлекеттік сатып алулар арқылы алуға болады.

Былтыр өңірде мүгедектігі бар адамдардан техникалық құралдар алуға 12 мыңға жуық өтініш түскен. Оның 90 % жуығы орындалды.

Биылғы жарты жылда құралдар мен қызметтерге 6 мыңнан астам өтініш түссе, соның 68 % орындалды.

Ал мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясында биыл 9,3 мың оңалтудың техникалық құралдары алынбақ.

Оның ішінде гигиеналық заттар, протезді-ортопедиялық құралдар, сурдо-, тифлотехникалық құралдар, мүгедектер арбасы және тағы басқалары бар.

Жалпы қазіргі уақытта СҚО-да мүмкіндігі шектеулі 25 418 адам тұрады.


Соңғы жаңалықтар