СҚО-да мұқтаж отбасы балаларының жазғы лагерьде демалуына 71 млн теңге бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 69 мың оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Соның ішінде аз қамтылған отбасынан шыққан 11 мыңға жуық бала лагерьде тегін демалады. Осы мақсатқа жергілікті қазынадан 71 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл оқушылардың 93 %-ы жазғы демалыспен қамтылатынын жеткізді. Бұл – 1-10 сыныптың 69 мың оқушысы.

«1-4 сынып оқушылары үшін 456 мектеп жанында алаңдар жұмыс істейді. 45 мың баланы қымтимыз. 1-9 сынып оқушылары – 6 771 бала үшін 11 сауықтыру лагері жұмыс істемек. Бюджет есебінен мұқтаж отбасылардың 10 816 баласына 100 % сауықтыру демалысы ұйымдастырылады, жергілікті бюджеттен 71 млн теңге бөлінді. Ал қала сыртындағы лагерьлер мен мектеп жанындағы алаңдарда 51 771 бала демалады», - дейді Нәзір Жәшібеков.

Бұдан шатырлы лагерьлер, «Жас сарбаз», пікірсайыс клубтары, «Жасыл ел» бригадалары, жазғы тіл мектептері, оқу клубтары жұмыс істемек.

Өлкетану экспедициялары және өңірдің киелі жерлеріне және бір күндік экологиялық-туристік жорықтар ұйымдастыру жоспарланған.

Мектеп жанындағы алаңдардың жұмысы 1 маусымнан, сауықтыру лагерлерінің жұмысы 15 маусымнан басталмақ.

Оқушылар сарайында мың баланы қамтитын Жазғы академия ұйымдастырылады.

Бұған дейін СҚО-да мектеп бітіру кешін кафеде өткізуге, ұстаздарға сыйлық беруге тыйым салынғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар