СҚО-да мүгедек балалардың құқығын бұзған 24 адам жауапкершілікке тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура мүмкіндігі шектеулі балалар құқықтарының сақталу деңгейін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеріс барысында 90-нан астам заң бұзушылық анықталып, прокурорлық қадағалаудың 57 актісі енгізілді. Мүгедек балалардың құқығын бұзған 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 100-ден астам мүгедек баланың құқығы қорғалды. Инклюзивті білім беруді дамыту аймақтық бағдарламасы әзірленіп, 3 мыңнан астам мұғалімге жалпы сомасы 18 млн теңге шамасында үстемеақы төленді.

«Мүгедек балаларды оңалтуға арналған бағдарламалардың сапасыз әзірленіп жасалғандығы, мектептердің инклюзивті білім беру талаптарына ішінара сәйкессіздігі, қондырғылармен қажетті деңгейде жарақтандырылмауы, оқытушылардың еңбекақыларына тиісті қосымшалардың енгізілмеуі, олардың біліктілікті арттыру курстарынан өтпеуі секілді бірқатар олқылықтар анықталды», - делінген хабарламада.

«Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» Заңының талаптарына сай 181 мүмкіндігі шектеулі бала жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Мүгедек балалары үйде оқитын екі ата-анаға ортақ сомасы 32 мың теңге болатын міндетті әлеуметтік жәрдемақы төленбеген. Қолға алынған іс-шаралардан кейін жәрдемақы берілді.

Прокурорлардың тексерісінен кейін облыстың білім басқармасы инклюзивті білім беруді дамыту аймақтық бағдарламасын жасады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында жекеменшік қайырымдылық қорларының көмегімен бірнеше арнайы нысандар ашылды. «Аутизм. Әлем барлығы үшін бір» психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 2 ресурстық кабинет және аутист балаларға арналған екі кабинет пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, биыл инклюзивті білім беретін облыстың 474 ұстазы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Соңғы жаңалықтар